Облыс прокуратурасы мемлекеттік кірістер органдарының қызметін талдау барысында кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылғаны анықтаған.
Мәселен, Петропавл қаласы мен Есіл, М. Жұмабаев, Шал ақын, Қызылжар аудандарының мемлекеттік кірістер басқармасының лауазымды тұлғалары Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына қарамастан бизнес субъектілеріне салықтық тексерулер жүргізді. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша аталған салық органдарының басшылары тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды.Қазіргі уақытта айыппұлдар толық төленді, салықтық тексерулер заңсыз деп танылды және жойылды.
Жыл басынан бері облыс прокуратура органдарының қадағалау шараларымен барлығы 270 кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Бизнес субъектілеріне құқықтар мен мүдделер бұзылған жағдайда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ (байланыс телефоны +7-771-362-08-99) арқылы облыс прокуратурасының қызметкерімен тікелей байланысуға болатындығын еске саламыз.