«Бірліктегі» тынымсыз тірлік

Авторы: Qyzyljar News

     Үстіміздегі жылы көктемде  болған алапат су тасқынынан Петропавл қаласында  екі мың төрт жүзге жуық үй зардап шекті. Олардың басым бөлігі Ойқала, Былғары зауыты, Заречный шағын аудандарында орналасқан баспаналар болатын. Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, құрылған арнайы комиссия 1600 үйді тұруға мүлдем жарамсыз және 757-ін қалпына келтіруге болады деп таныған.

Мемлекеттік органдар, кәсіпорындар,  еріктілер мен қайырымдылық ұйымдары, тіпті қарапайым адамдар көктем айларында табиғат апатынан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын ұсынды. Олардың көмегімен су тасқынының зардабын жою бағытында орасан зор жұмыс жүргізілді. Адам тұруға жарамсыз үйлер толығымен бұзылды.  Табиғат апаты болған жерлерден бір жүз он бес мың тоннадан астам күл-қоқыс пен әртүрлі материалдар жиналып, шығарылды. Су тасқыны салдарынан кейін  жөндеуге болатын инфрақұрылымдар мен үйлер қалпына келтірілуде.

«Qyzyliar Asar» корпоративтік қорының хабарлауынша, су тасқынынан зардап шеккен 925 отбасына қор Петропавл қаласынан 1057 пәтер сатып алған.  Бұл мақсатқа  он тоғыз жарым миллиард теңге ақша жұмсалған.

Ал облыс орталығының шет жағындағы «Солнечный» кентінің жанында жаңадан «Бірілік» шағынауданы бой көтерді. Жуырда біз «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінің фототілшісі Шыңғысхан Бекмұрат екеуіміз жаңа ауылға атбасын тіредік. Мұнда су тасқынынан кейін баспанасынан айырылған отбасылар жаз және күздің алғашқы айында қоныстойларын тойлап жатыр.

«Қазақстан халқына», «Kaspi kz» қорларының , «Kazminerals Management» и «Kazakhmys» корпорацияларының қаржылық көмектерімен бұл жерде жалпы саны жеті жүз үй бой көтерген.  Осы үйлердің  құрылысының  жартысынан астамына біздің облыстың жиырмаға жуық ұйымдары мен кәсіпорындары қатысқан. Астананың  «Integra Construction  KZ» компаниясы үш жүз үй тұрғызды.

Солтүстікқазақстандықтар салған үйлердің шатырлары жасыл түсті және  сыртынан қабырғалары сарыға боялған. Ал астаналық құрылысшылар тұрғызған баспаналардың шатырлары сұрғылт және  үйлердің қасбеттері ақшыл-сұр колермен боялған.

Жаңадан бой көтерген үйлердің біріне Кухаренконың отбасы қоныстаныпты. Отағасы Андрей Петрович зейнеткер, оның зайыбы  Нина Алексеевна балабақшада жұмыс істейді екен. Олардың отыз жастағы ұлы Александрдың өз жұмысы бар. Ойқала шағын аудандағы жиырма жыл тұрған үйін арнаулы комиссия жарамсыз дер таныпты. Осындағы жаңа үйге олар екі ай бұрын көшіп келіпті. Қысқа қажет отыны мен көмірін жеткізіп алыпты. Кухаренко отбасы жаңа баспанаға көңілдері толатынын қуанышпен жеткізді.

-Егер үйдің салынуында әлдебір кемшілік анықталса, біз бірден осы баспананы салған құрылысшыларға хабарлаймыз. Олар келіп біз көрсеткен кемшіліктерді түзеп  береді,- дейді Андрей Петрович.

Жас отбасы Юрий мен Екатерина Бабиктердің қолында бір жарым жасар ұлдары Женя бар. Олар Кухаренколардан алыс емес, бірақ астаналық құрылысшылар салған үйде тұрады. Юрийдің айтуынша, астаналық құрылысшылар жаңа үйдегі еден төсемін линолеумге ауыстырған. Өйткені бұған дейін төселген ламинаттың кейбірі көтеріліп кетіпті.

Бабиктердің басқа көршілері «Integra Construction KZ» компаниясының ұқсас жобасы бойынша салынған үйде тұрады екен. Олар да құрылысшылар тарапынан кеткен кемшіліктерді анықтапты және жөндепті, енді  «астаналық» үйлер солтүстіктің қытымыр аязына төтеп бере ала ма екен деп уайымдайды.

Біз «Бірлік» шағынауданы тұрғындарының осы мәселесімен астаналық «Integra Construction KZ» компаниясының жоба жетекшісі Алмас Тілеубаевқа хабарласқан едік. Ол  « Бірлік» шағынауданында салынған жиналмалы-щитті  үйлер  солтүстіктің суық ауа райы ескеріліп бой көтергенін алға тартты. Құрылыс барысында «GLB» үй құрылысы комбинаты шығаратын үшқабатты панельдер пайданалынған. Бұл панельдердің  жылуды сақтайтын және  шуды оқшаулайтын қасиеті бар.  Алмас Тілеубаев сонымен қатар өзінің әріптестері осында тұрақты жүретінін және қандай да болмасын кемшіліктерді жедел түзейтінін атап айтты. Оның айтуынша, бірқатар құрылысшы осы ауылда қалып,  қыс айларын тұрғындармен бірге өткізбек екен.

«Бірлік» шағынауданында өзінің учаскелік полиция бекеті бар. Осында қоныс аударып келгендер  жаңа шағынаудандағы құрылыс мәселесін үйлестіру жөніндегі арнаулы штабқа аракідік бас сұғып, өздерінің мәселелерін шешеді.  Штабтың негізгі жұмыстарын облыстық  құрылыс басқармасының қызметкерлері атқарады. Штабтың жұмысына  үйлерді салуға қатысқан барлық құрылыс кәсіпорындарының өкілдері қатысады.

Мұнда қоныс аударып  келгендер жаңа баспаналарын жайғастырып, қысқы маусымға даярлануда, кейбіреулері үйінің жанында қосымша құрылыстар жүргізіп жатыр, келешек бау-бақшасы үшін көң төгуде.  Шағынауданда тоқсан орындық балабақшаның құрылысы жоғары қарқынмен жүргізілуде. Келешекте мектеп салынбақ. Бір сөзбен айтқанда, «Бірліктегі» үйлердің түтіні түзу ұшады деп үміттенеміз.

Марат Шынтеміров

img 9031 scaled img 9023 scaled img 9008 scaled img 8995 scaled img 8981 scaled

img 6414 scaled img 6448 scaled

img 8960 scaled img 8924 scaled img 8917 scaled

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz