Қызылжарды жылумен қамтамасыз ету үшін тыным таппастан көк түтінін будақтатқан қос мұржаның қасынан үшіншісі де бой көрсетіп қалды. Өзгелеріне қарағанда жуандау.
Өңірімізде ауа температурасы төмендеген сайын жылуға қосылмаған үйлер суып, еденнен сыз тартып, тұрғындардың берекесін қашырып-ақ тұр. Осы айдың 15-іне дейін бұл мәселе де оңтайлы шешілуі тиіс. Облыс орталығын жылумен қамтамасыз ету ісіне жауапты жылу-электр орталығы алдағы маусымға дайындықты әлдеқашан бастап кеткен. Бүгінде мұндағы №3 турбокотлоаргегат күрделі, тағы да бірнеше агрегат ағымдағы жөндеуден өткенді. Бүгінде 12 қазандықтың 10-ы жұмыс істеп тұр.
“Севказэнерго” АҚ-ның бас директоры Анатолий Казановкийдің айтуынша, салынып жатқан түтін мұржасы алдағы жылыту маусымында пайдалануға берілмек. Құрылыс жұмыстары 15 қарашада тоқтатылып, келесі жылдың сәуір айында қайта жалғасатын болады. Мұржа іске қосылғаннан кейін 2026 жылы тағы бір түтін мұржасы бұзылып, жаңасы салынбақ.
Бастапқы жоспар бойынша мұржа биыл күзде іске қосылуы тиіс еді. Алайда былтырғы жылдың тамызында 30 метрге дейін көтерілген нысан қисайып, қайтадан бұзылған болатын. “Жаңа мұржа 180 метр болмақ. Бүгінгі таңда оның биіктігі 124,5 метрден асты. Енді 56 метрі қалды”, – дейді компания басшысы.
Сала мамандарының айтуынша, диаметрі 20,52 метр жаңа мұржа жоғарылаған сайын жіңішкеріп, 9,2 метрге дейін кемімек. Қабырғасының қалыңдығы 2,8 метрді құрайды. Жалпы мұржаның салмағы 15 мың тоннадан асады.