Ұстаздық – ұзақ жол

Авторы: Qyzyljar News

       Заман өзгереді, буын алмасады, ұрпақ жаңарады. Бірақ мұғалімнің орны – қашанда төр. Себебі ұстаз – тек білім беруші ғана емес, ол шәкірттердің жүрегіне жол табатын, оларды дұрыс бағытқа сілтейтін, өмірлік тәжірибесімен бөлісетін ақылшысы.

Ұстаздың басты міндеті – білім беру. Дегенмен ол тек теориялық біліммен шектелмей, жастардың жан дүниесіне үңіліп, олардың тұлғалық дамуына, мейірімділік пен жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған болуы тиіс. Білім беру саласында 38 жылдық тәжірибесі бар Алмагүл Назарованың тағылымды өмірі – мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісі. Балаларға білім мен тәрбие беруді өмірлік мақсат етіп, сол жолда қажырлы еңбек еткен, шәкірттерінің жан дүниесін түсініп, олардың болашағына бағыт-бағдар беретін педагог бүгінгі таңда қаладағы Абай атындағы классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі.

Білікті ұстаз мамандық таңдар кезде көп ойланбастан ата-бабасының ізін жалғауды жөн көрген. Арғы атасы мен әкесі де ұстаз болған. Өз шәкірттеріне білім мен тәрбие беруде, адамгершілік қасиеттерді сіңіруде үлгі бола білген жандардың жолымен Алмагүл Қабділманқызы да өз кәсібін ерекше ықыласпен сүйіп, білім мен тәрбиені, адалдық пен еңбекқорлықты шәкірттеріне жеткізуге тырысады.

Алмагүл Назарова шәкірт тәрбиелеуде тек білім беріп қана қоймай, оларды адами қасиеттерге, мейірімділік пен жауапкершілікке, өзара сыйластыққа тәрбиелеуге зор мән береді. Мұғалімнің ықпалымен шәкірт бойында адамгершілік, кішіпейілдік, еңбекқорлық, адалдық сияқты қасиеттер қалыптасады.

“Ұстаздық – қиын, бірақ өте маңызды мамандық. Әрбір бала – бір әлем. Шәкірттерінің әрқайсысын жеке тұлға ретінде қабылдап, олардың әрбір жетістігіне қуанып, сәтсіздіктерінде қолдау көрсету маңызды”, – дейді ұстаз.

Білім беру – қоғамның дамуына, ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін басты фактор. Ұстаздар – білім мен тәрбиенің діңгегі. Олар әрбір шәкірттің өміріне терең із қалдырады. Алмагүл Қабділманқызы сияқты ұстаздардың еңбегі, мейірімі мен жүрек жылуы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады.

 

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz