РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМНЫҢ АЛДЫН АЛА НӘТИЖЕЛЕРІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Авторы: Qyzyljar News

Қазақстанда атом электр стансасы құрылысын дауысқа салған жалпыұлттық референдум өз мәресіне жетіп, демократия дамуының жаңа белесіндегі саяси іс-шаралардың ең маңыздысы болды. Орталық референдум комиссиясы 12244683 дауыс беруге құқығы бар азаматтардың келуінің алдын ала қорытындылары туралы ақпаратты жариялап, тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 63,87 пайызы өз таңдауларын жасағанын мәлімдеді. Осылайша республика тұрғындары күн тәртібіне ұсынылған мәселеге бейжай қарамай, жауапкершілік пен белсенділік танытты.
Облыстардың, републикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, өңірлер бөлінісінде Абай облысының –69,57, Ақмола облысының–71,63, Ақтөбе облысының–75, 11, Алматы обылсының–68,71, Атырау облысының–63, 28, Батыс Қазақстан облысының–67,03, Жамбыл облысының – 61,28, Жетісу облысының–68,01, Қарағанды облысының–72,12, Қостанай облысының–73,45, Қызылорда облысының–82,48, Маңғыстау облысының–54,03, Павлодар облысының–65,09, Солтүстік Қазақстан облысының– 66,31, Түркістан облысының–75,31, Ұлытау облысының–70,69, Шығыс Қазақстан облысының–73,79, Астана қаласының–50,81, Алматы қаласының–25,39, Шымкент қаласының 70,57 пайыз тұрғыны дауыс берген.
Орталық референдум комиссиясы екі сағат сайын брифинг өткізіп, халықтың дауыс беру қарқынын хабарлап отырды. Елде барлығы 10 323, шетелде 47 референдум учаскесі жұмыс істеді.
Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина сағ.14.00-дегі жағдай бойынша 6 339 425 азаматтың бюллетень алып, 51,77 пайызға жеткенін, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабы 2-тармағына сәйкес, референдум өткізілген деп саналғанын хабарлады.
Еліміздегі барлық референдум учаскесінде дауыс беру сағ.20.00-де аяқталып, 7,8 млн. азаматтың таңдау жасағаны белгілі болды.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шетелдегі отандастар референдумға белсенді қатысқанын айтты.
«Қазақстанның шетелдердегі мекемелері жанынан 59 мемлекетте 74 учаскелік референдум комиссиясы құрылды. Дауыс беретін сайлаушылардың жалпы саны 12 307 адамды құрады. Шетелдегі барлық референдум учаскесі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері аумақтарында ұйымдастырылды.
ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуымен өткен брифингте миссия басшылары мәлімдегендей учаскелерде бірде-бір заң бұзушылық анықталған жоқ. Референдумда 200-ден аса шетелдік журналист ақпарат таратты.
Облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметі бойынша таңғы сағат 7.00-де 591 референдум учаскелері өз есігін айқара ашты. Дауыс беруге 375236 солтүстікқазақстандық қатысуы тиіс болса, 66,31 пайызы өз таңдауларын жасады. Өңірдегі референдум учаскелерінің 578-і азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша құрылды. 13 уақытша дауыс беру пункттері аурухана, уақытша ұстау изоляторы және әскери бөлімдерде жасақталды. Өңірде барлығы 606 комиссия құрылып, құрамына 3430 адам тартылды.
Облыста орналасқан ұлттық этномәдени бірлестіктер жоғары ұйымшылдық үлгісін көрсете білді. Солардың бірі¬–тәжік ағайындар. Ұйымға жетекшілік ететін Убайдолла Раджаповтың айтуынша, өңірде жарты мыңға жуық тәжік отбасы тұрады. Өзі қазақ жеріне 1996 жылы көшіп келіп, 2019 жылы Қазақстанның азаматтығын алған. Көктемгі су тасқыны кезінде қиыншылыққа душар болған жерлестеріне көмек қолын ұсынып, тегін қызмет көрсеткен.
Осы күні облыс орталығында 300-ге жуық полиция қызметкерлері 97 референдум учаскесінде кезекшілік етіп, қоғымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Біз Қызылжар аудандық референдум комиссиясының төрайымы Сара Алдаевамен хабарласқанымызда 19 ауылдық округ аумағында 56 референдум комиссиясы құрылғанын, 31257 сайлаушы тіркеуге алынғанын айтты. Бір шаңырақ астында жарты ғасырға жуық түтін түтетіп келе жатқан Боранбай ақсақал мен Жаңыл әжей Төлетаевтар бұл жолы да жұптары жазылмай учаске есігіне ең алдымен жеткен. Қос қарияға орынды сый-сияпат көрсетіліпті. Бәйтерек елді мекенінің тұрғындары референдумның Қазақстанның болашағы үшін маңызын жете сезінген. Әсіресе әулеттің ақсақалы, батагөйі Мұсабай Жұпархан бастап, кішілері қостап, бірі ұлттық киімммен, екіншісі жарау атпен келіп, домбыраға қосылып, ән шырқап, өзгелерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Атажұртқа 2009 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында қоныс аударған Мұсекеңнің кіндігінен 6 бала тараса, бүгінде немере-жиендерін қосқанда 20-дан астам әулет мүшелері дауыс берген. Нұрбек Ерған–алғаш дауыс берушілердің бірі. Жалпы 465 адам №276 референдум учаскесіне келуді басты парыз санаған.
Қызылжар-Абай мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек ететін Марина Мелехова таңдаудан қателеспегінін айтады. Қазақ тілін жетік меңгерген оны еліміздің келешегі бей-жай қалдырмаған.
Мамлют аудандық референдум комиссиясының төрайымы Данголе Могунова 12484 сайлаушы 29 референдум учаскесіне келіп, бірліктің үлгісін көрсеткенін жеткізді.
«Біздің учаскеге 1028 тұрғын тіркелсе, 23-і – қарттар мен мүгедек жандар санатынан. Қоғамдық байқаушылар тарапынан ескертулер болған жоқ. Алғашқылардың қатарында Мамлют ауданының тұрғыны Арташ Хапчатрян келіп, белсенділік танытты», –деді телефон арқылы сөйлескенімізде №325 референдум учаскесінің жетекшісі Николай Стадник.
Уәлихановтар да жоғары ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіпті. Аудандық референдум комиссиясының төрайымы Гүлнар Сағалиева учаскелер 11 округте құрылғанын, барлық сайлаушылардың 89,79 пайызы таңдау жасағандарын алға тартты. Ақбұлақ округінде жұмыс істеген №524 референдум учаскесіне жергілікті жерде тіркелген сайлаушылар түгел келген. Сол сияқты Ақтүйесай, Аманкелді округ тұрғындары да жоғары саяси саналылық танытқан.

390c3e74 0674 4c4f 8577 085a27a58051

Дайындаған Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz