Солтүстік Қазақстанда орақ науқанының аяқталуға аз ғана уақыт қалды. Бүгінге дейін алқаптардың 93 пайызы орылған. Диқандар 3 млн. гектардан астам жердегі дәнді және бұршақты дақылдарды жинап үлгерді. 5,5 млн. тонна дақыл бастырылып, өнімділік гектарына 18 центнерге жетті. Былтыр бұл уақытта гектар берекелігі 10 центнердің айналасында болған. Диқандар майлы дақылдарды жинауға қызу кіріскен. Бүгінге дейін 237 мың гектардағы дақыл жиналған. Аталған топтағы дақылдың 272 мың тоннасы бастырылды.
Өңірде дала жұмыстарын аяқтап үлгерген шаруашылықтар да бар. Мәселен Тимирязев ауданындағы «Baiterek SK» серіктестігі әр гектардан 30,1 центнер, Аққайындағы «Симаргл» серіктестігі 39,2 центнер, Мамлют ауданындағы «Руслан» шаруа қожалығы 40 центнер өнім жинаған. Ал Айыртаудағы «Шангал» серікктестігінде дәнді және бұршақты дақылдардың өнімділігі гектарына 50 центнерге жетті.
Мұндай сәтте астықты сақтау және сату шаруалар үшін маңызды екені анық. Бүгінге дейін қамбаларға 1,1 млн тонна астық түскен. Оның 855 мың тоннасы — бидай. Өнімнің 331 мың тоннасы үшінші, 377 мыңы төртінші, 41 мыңы бесінші сыныпты бидай.
Азық-түлік корпорациясы форвардттық сатып алуға қатысқысы келетін диқандар үшін 3 сыныпты бидайдың бағасын жариялады. Шаруалар құрамындағы глютен 23 пайыздан асатын өнімді 85, 25 пайыздан асатынын 90, 27 пайыздан асса 100 мың теңгеден өткізе алады. Ауыл шаруашылығы өнімін қабылдау алдын ала төлем бойынша корпорация бекіткен пунктерде жүргізіледі.
Солтүстік Қазақстанда астық жинау науқаны аяқталуға жақын
216
алдыңғы жаңалық