Биыл өңірімізге 11 дәрігер жұмысқа келгенімен, маман тапшылығы әлі де өзекті. Қазіргі таңда өңірге 144 дәрігер қажет. Әсіресе бейінді дәрігерлерге, оның ішінде хирургтар, реаниматологтар, ЛОР, балалар гинекологіне, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер мен кардиологтарға сұраныс жоғары.
–Қазіргі таңда облыс орталығында 71 жұмыс орны бос, ал аудандарға 73 маман қажет. Жас мамандарды тарту мақсатында 2024 жылы облыстық бюджеттен резиденттерді оқытуға 50 грант бөлінді. Бүгінгі таңда 34 резидентпен келісім жасалып, олар білімдерін жалғастыруда, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлауқызы.
Жас мамандарды жұмысқа қабылдауда өңірде бірқатар шаралар қабылданған. Мәселен, дәрігерлерге 1 млн.-нан 5 млн. теңгеге дейін көтермақы төленеді. Ең көп сомманы ауылға жұмыс істеуге барған ақ халаттылар алады.
Сонымен қатар, кейбір медициналық мекемелер өздері жұмысқа қабылдаған жас мамандарға ақшалай сертификаттар беріп, тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Ауылдық жерлерге жұмысқа барғысы келетін мамандар «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына да қатыса алады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».