Қызылжар өңіріне жұмыс сапармен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келіп, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Алқалы басқосуға ауыл шаруашылығы құрылымдарының, мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының өкілдері қатысып, егін жинау науқанының нәтижелері талқыланды. Сондай-ақ алдағы ауыл шаруашылығы жылына арналған іс-шаралар жоспары белгіленді.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаздың жауынды, күздің ылғалды күндері қиындықтар тудырғанына қарамастан өңір диқандары жоғары ұйымшылдық үлгісін көрсеткенін, астық жинау науқаны толық аяқталып қалғанын жеткізді.
Республикалық ведомство басшысы республика бойынша дәнді дақылдардың 93,2 пайызы немесе 15,5 млн. гектар алқаптың өнімі жиналып, 23,5 млн. тонна ел ризығы бастырылғанын, әр гектардың орташа шығымдылығы 15,2 центнерді құрайтынын атап өтті. Биыл жеңілдетілген несиелеу мөлшері 580 млрд. теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 120 млрд. теңге бөлінген. Келесі жылы осындай мемлекеттік қолдау қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға бағытталмақ. Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 900 млрд.теңгеге дейін артпақ, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 200 млрд. теңге қарастырылған. Солтүстік Қазақстан облысы диқандарының тәжірибесін негізге ала отырып, бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несиелеу көлемі және қаржыландырылатын бағыттар саны ұлғайтылмақ.
«Аграршылар мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдауға ие болғанын ескерсек, қол жеткен көрсеткіштерге тоқмейілсімеуіміз керек. Қазіргі басты талап – егін жинау жұмыстарын толық аяқтау, астықтың сапалы сақталуын қамтамасыз ету. Оған ішкі ресурстар жеткілікті. Келесі жылы да қарқынды бәсеңдетпеуге тиіспіз»,–деді Айдарбек Сейпілұлы.
Кеңеске қатысушыларға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау бойынша қабылданып жатқан және жоспарланып отырған шаралар, бидайды сатып алу бағасы, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын кредиттеу, саланы қолдаудың басқа да жаңа тәсілдері туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы құралдары және микрокредит беру департаментінің директоры Жанар Маханова, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев, «ҚазАгро Қаржы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев, тағы басқалары жан-жақты ақпарат берді. Биыл форвардтық сатып алу бойынша 41 млрд. теңгеден астам сомаға 325 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландырылды. Оның ішінде солтүстікқазақстандықтарға 270 мың тоннаға 18,8 млрд. теңге берілді. «Кең дала-2» мемлкеттік бағдарламасы шеңберінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдікті несие рәсімделеді. Және де бір артықшылығы, фермер кепілдік сомасының 15 пайызын ғана төлейді, қалғанына «Даму» қоры кепілдік береді. Бүгінгі таңда 176 млрд. теңгеге лизинг шарттары жасалған. Бұл– жылдық жоспардың 80 пайызы. 138 млрд. теңге отандық техникаларға тиесілі.
Өңірде ауыл шаруашылығы егістік алқабының 93,3 пайыздан астамы жиналды, 5,6 млн тонна астық қамбаға құйылды. Гектар өнімділігі 17,8 пайызға жуық. 3 млн. тоннаға жуық жем дайындалды.
Сапар барысында Ауыл шаруашылығы министрі «Бетеге-У» элеваторының жұмысымен танысты. Мұнда бидай қабылдауда кідіріс жоқ. М. Жұмабаев атындағы ауданға қарасты «Митронин» және «Чистовский» ЖШС-де болды. Екі шаруашылық та дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өсірумен айналысады, биыл бидай мен майлы дақылдар жақсы өнім берді. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі–40, майлы дақылдар бойынша–20 центнер. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесуде 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға қатысты мәселелер талқыға салынды. Мемлекеттік қолдау мен озық агротехнологиялардың маңыздылығына назар аударылды.
Кеңес барысында тиісті мемлекеттік органдарға ауыл шаруашылығы өндірушілерімен өзара іс-қимылды күшейту, туындайтын проблемаларды жедел шешу жөнінде тапсырмалар берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».