Биыл облыс аумағында үш жүэден астам өрт оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан жиырма тоғыз адам, оның ішінде үш бала қаза тапқан. Бұл дабыл қағарлық статистика туралы бүгін өткен журналистерге арналған баспасөз мәслихаты барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин айтып берді.
Облыс орталығындағы Зайцев көшесінде орналасқан жекеменшік үйде алтыншы қазан күні орын алған өрттен екі ересек азамат пен үш жасар бала опат болды. Ал келесі күні «Ракета» бау-бақшашылар қауымдастығындағы үйден шыққан өрт сөндірілгеннен кейін кәрі адамның мүрдесі анықталды.
Статистика көрсеткеніндей, өрттердің басым бөлігі электр қондырғыларын монтаждау мен техникалық пайдалану ережесін, өртке қарсы қауіпсіздік қағидасын сақтамау, пешті дұрыс қолданбау салдарынан туындап жатады. Облыс аумағында болған өрттердің 226 жағдайы (барлық өрттің 74 пайызы) жекеменшік секторда, 47 — сі автокөлікте, 27-сі бақылау нысандарында, 3-і ашық алаңда орын алған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, тұрғын үйлердегі өрттер көбінесе өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтамаудан, жанып жатқан пештерді немесе электр құрылғыларын қараусыз қалдырудан, жылыту жүйелерінің қатып қалған құбырларын жылыту үшін ашық отты қолданудан, дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өртке қарсы ережелерді сақтамаудан, отпен абайсызда жұмыс істеуден және балалардың отпен ойнауынан туындайтынын еске салады.