СОЛТҮСТІКТІҢ КАРАТЭШІ ҚАРИЯЛАРЫ

Авторы: Qyzyljar News

      Кейінгі уақытта қариялар ары қарайғы өмірін немере бағып, дастарқан басында бата беріп қана отыруы тиіс деген дәстүрлі түсінік өзгере бастағандай. Қазір олар саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысу жағынан жастардан қалысар емес. Тіпті алпысты алқымдап қалғанына қарамастан шығыс жекпе-жегімен шұғылданатындар да бар. Мәселен Петропавлдағы кекушинкай каратэ үйірмесіне 14 зейнеткер үздіксіз қатысып жүр.

img 8428 scaled

Алпыстан асқандар – аға буын өкілдері. Көбі ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көрер жасты демалысқа арнайды. Ауладағы орындықта карта ойнап отырған қарттар мен әңгімелері жасарқан ақ жаулықты әжелерді жиі көреміз. Бірақ олардың араларында қимылы ширақ, бойындағы күш-қуаты әлі ортаймағандары да бар. Петропавлдағы шығыс жекпе-жегі үйірмесіндегі «Алтын жас» тобының ашылғанына биыл тура бес жыл болды. Каратэшілердің ең үлкені 74 жастағы Күлшат Таңатқанова. Ол бала кезінен салауатты өмір салтын ұстанады.

– «Алтын жас» тобы ашылғанын естіп, зейнеткерлер келе бастады. Бастапқыда жасы 80-нен асқандар да болды. Ең үлкеніміз 82-дегі Ысқақжан Әрібжанов екі жарым жыл бойы жастармен бірге үзбей жаттықты. Соңғы кездері ғана спорттан қол үзді. Жаттығу кезінде екінші жартысын тауып, отбасын құрды. Күлшат Таңатқанова да белсенділігімен көзге түсуде. Биыл ақжаулықты әже 75-ке толады. Әлі тың. Оның өмірге деген құлшынысы өскелең ұрпаққа үлгі. Жаттығуды қалдырған емес. Мұндай қариялар бізде өте көп, – дейді жаттықтырушы Людмила Бутенко.

Кекушинкай каратэден қара белбеу әрі үшінші дан иегері Людмила Бутенконың өзі 55-те. Әлемнің, Еуропаның және Азияның чемпионы атанған білікті бапкердің қарамағында зейнеткерлермен қатар, мектеп жасындағы балалалар да жаттығады. Оның айтуынша, жастар қарияларға қарап бой түзейді, ал қарттар олардан қалмауға тырысады.

Мұнда спортшылар каратэнің айла-тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, түрлі халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарға қатысады. Араларында жүлдегер атанғандары да бар.

– Зейнет жасындағы каратэшілердің дені «ката» бағытында бақтарын сынайды. Мәселен, Борис Самусев – облыстық чемпионаттың жеңімпазы. Ол «Сұңқар» деген атаумен өткен Еуразия турнирінде күміс жүлдегер атанды. Наталья Баранова, Ольга Платоненко – өңірлік жарыстардың жүлдегерлері. Бір тобы спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады, – дейді Людмила Бутенко.

Каратэні серік еткендердің бірі – Айдарбек Бегенов. Алпыстың тоғызына келген ақсақал бала күнінде шотокан каратэ-домен айналысқан екен. Кейін белгілі бір себептермен спорттан алыстап, өмірін мұғалімдік қызметке арнады. Зейнет демалысына шыққан соң, спортқа қайта оралу туралы шешім қабылдапты.

– 1994 жылы жұмыс бабымен Петропавлға көшіп келген соң каратэ-доға бардым. Бірақ уақыттың жеткіліксіздігінен тастап кеттім. Ал зейнетке шыққан соң кекушинкай каратэге бет бұрдым. Каратэ-до бойынша қара белбеу иегерімен. Ал кекушинкай каратэде қоңыр белбеу алдым. Алдағы уақытта «кумитэ» және «ката» бағыты бойынша өтетін жарыстарға дайындалып жүрмін, – деп алдағы жоспарларымен бөлісті Айдарбек Бегенов.

«Алтын жас» тобына жетекшілік ететін жаттықтырушы Людмила Бутенконың айтуынша, спорт жас талғамайды, әсіресе каратэге кез келген адамның жазылуына болады.

– Зейнеткерлер үшін каратэ үйірмесі тегін. Біздің облыстық федерация мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет етеді. «Алтын жас» тобына 56 жастан бастап жазылуға болады. Каратэшілеріміз түрлі белбеулер алу үшін емтихан тапсыра алады, – дейді Людмила Бутенко.

«Алтын жас» тобында жаттығатын спортшылардың алдағы жоспарлары да ауқымды. Людмила Бутенконың өзі 2025 жылы Аустралияда өтетін әлем чемпионатына қатысуды көздеп отыр. Ал оның зейнет жасындағы шәкірттері келер жылы облыстық чемпионатта бақтарын сынамақ.

Аманжол НҰРТАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.  

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz