Бұдан бұрын хабарланғанындай, Қызылжар өңірінде күзгі астық жинау науқаны өзінің мәресіне жақындап қалды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының жедел ақпаратына сәйкес, 3 миллион 251 мың гектардың немесе барлық егістік алқаптың 98 пайызының астығы жиналған. Облыс диқандары 5 миллион 917 мың тонна астық бастырды, гектар берекелігі 18,2 центнер болды. Облыстағы егістік алқаптың көлемі 4 миллион гектар, оның 3,3 миллион гектарына дәнді және дәнді – бұршақты дақылдар егілген.
Салыстармалы түрде, көрші Ақмола облысында биыл алты миллион тоннадан астам астық бастырылған, барлық алқаптың 96 пайызы немесе 4,5 миллион гектары жиналған. Мұнда әр гектардан 14 центнерден өнім жиналған. Ал Қостанай облысында 4 миллион 113 мың гектардың астығы (96 пайыз) жиналған, 5 миллион 429 мың тонна астық бастырылған, гектар берекелігі 13,2 центнерден айналған.
Егін жинау науқаны аяқталған соң қырмандар мен элеваторларға түскен мол астықты лайықты бағамен сату мәселесі туындайтыны сөзсіз. Бұл жөнінде мамандар әртүрлі болжамдар жасайды. Әзірге астықтың бір тоннасының лайықты бағасы белгісіз.
Қазақстанда және көрші елдерде дәнді дақылдардың күтілетін жоғары өнімі аясында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ экспорттық нарықтарда қазақстандық бидай мен арпа бағасының тұрақтануын және белгілі бір өсуін болжайды.
Бұл болжамдар бірқатар факторларға негізделген. Ресейде арпаның аз жиналуына байланысты дәстүрлі жеткізушілердің (Иран, Ирак) арпаға деген сұранысының біртіндеп өсуі байқалады. Мысалы, Иранға темір жол арқылы тек 2024 жылдың қыркүйегінде 140 мың тонна астық жөнелтілген.
Бүгінгі таңда ирандық компаниялардың ұсынған бағасы әлемдік бағадан едәуір төмен (165 АҚШ доллар), ал әлемдік нарықтардағы әділ баға 195 долларды құрайды. Ресейде арпаның аз болуын және басқа жеткізушілердің жоқтығын ескере отырып, болашақта бағаның тепе-теңдік деңгейіне дейін өсуі күтіледі. Осыған байланысты, тұрақты нарықтық жағдайды сақтау үшін барлық қатысушылардың іс-әрекеттері келісіліп, баға балансына қол жеткізуге бағытталуы қажет.
Орталық Азия елдеріне астық жеткізу көлемінің тұрақты өсуі биылғы жылдың тоғыз айында өткен жылдың деңгейін сақтай отырып, 2,9 млн. тонна жөнелтілді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Орталық Азия және Каспий өңірінің (Түрікменстан, Әзірбайжан) елдері қазақстандық бидайды сатып алуға дайын екендіктерін білдіруде. Мәселен, Түркіменстан 3 немесе 4 сыныпты 400 мың тоннаға жуық қазақстандық бидайды сатып алуға дайын, ал Әзірбайжан жыл сайын Ресей мен Қазақстаннан 1 млн. тоннаға дейін бидай импорттайды. Баға тең болған жағдайда қазақстандық қызыл дәнді бидай W (ұн күші) көрсеткішінің жоғарылауына байланысты әрдайым сұранысқа ие болмақ.
Импорттаушылардың қазақстандық астыққа деген қызығушылығын ескере отырып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ өз кезегінде фермерлерге келісімшарттар жасасуға және шетелдік жеткізушілермен байланыс орнатуға жан-жақты көмек көрсетуге дайын.
Экспортқа және жаңа нарықтарды іздеуге арналған логистикалық шығындарды азайту тетігі белсенді түрде пысықталуда. Бұл қазақстандық өнім үшін әділ баға белгілеуге мүмкіндік береді.