Әбу-Дабиде дзюдодан «Grand Slam» сериясының кезекті турнирі өтіп жатыр. Биылғы додада ұлттық құрама сапында солтүстікқазақстандық дзюдошы Назгүл Маратова өнер көрсетті.
Көп жылғы үзілістен соң бұрымды спортшымыз халықаралық жарыста сәтті өнер көрсетіп, татамиде 78 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсті. Назгүл ширек финалда отандасымыз Карина Такиеваны жеңіп, бәсекенің келесі сатысына өтті. Ақтық сынның жолдамасы үшін жерлесіміз франциялық Кораль Хаймемен күш байқасып, қарсыласына жол берді. Десе де, бұл жеңілістен соң солтүстікқазақстандық спортшы ресейлік Анастасия Холодилинадан айласын асырып, қолаға қол жеткізді.