Камбоджаның Пном-Пень қаласында кикбоксингтен өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. 22 елден 432 спортшының басын қосқан байрақты бәсекеде жерлестеріміз олжалы болды.
Кикбоксингтен сарықұрлықтың дәстүрлі додасында ел спортшылары қоржынға 20 алтын, 11 күміс және 7 қола медаль салды. Жарысқа қатысушылар фулл-контакт, лоу-кик және К-1 бағыттары бойынша сынға түсіп, үш теріскейлік кикбоксшы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
86 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрсұлтан Жақыпов үш кездесу өткізіп, ақтық сында ирандық спортшыға төтеп берді. Бұл жекпе-жекте жерлесіміз айқын басымдықпен жеңіске жетіп, алтынды еншіледі.
Азия біріншілігінде 54 келі Данияр Жарасов және 57 келі Аслан Асылбековтер күміспен күптелді.
Аманжол НҰРТАЗИН