Петропавлда бірнеше әлеуметтік, спорттық нысан пайдалануға берілді

Авторы: Qyzyljar News

         Республика күні қарсаңында облыс орталығында бірнеше әлеуметтік, спорттық нысанның таспасы қиылып, пайдалануға берілді. Тұрғындарға қуаныш  сыйлаған шараға өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, қызылжарлықтарды құттықтады.

e5676370702518670bde947bc241231e 1280x720 1 1

Жұртшылық «Бірлік» шағынауданында жаңа балабақшаның ашылғанын  зор қуанышқа балап, зәулім  ғимаратқа тамсана қарап жатты. Мектепке дейінгі білім беру нысаны небәрі бірнеше айда бой көтерген. Шағынауданда тұрғындар игілігі үшін  қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Мұндағы ағайын алдағы уақытта мектеп, саябақ салынатынынан да үмітті.

-Құрылыс жұмыстарымен жергілікті компания айналысты. Ғимарат сапалы тұрғызылған. Барлық материалдар тиісті стандарттарға сай. Осындағы «MIRAS GROUP» компаниясының өкілдеріне алғысымды білдіремін.  Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйымдармен толық қамтамасыз ету  үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі саналады.  Бүгінде облыс орталығында  49 мектепке дейінгі мекеме болса, соның 15-і жеке инвестиция есебінен салынған. Алдағы уақытта «Бірлік» шағынауданында мектеп, сауда орындары мен көпқабатты баспаналар салу жоспарланған. Қазірдің өзінде мұндағы 700 шаңырақта 3 мыңдай адам тұрып жатыр, — деді Ғауез Торсанұлы.

Салтанатты шарада Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина да өз лебізін білдіріп, балабақшалардың ашылуы ұрпақ тәрбиесіне оң әсер ететінін айтты.

Жаңа нысан 90 орынға шақталған. Бүгінге дейін 30 ата-ана өз баласын осы мекемеге беру туралы өтініш беріп үлгеріпті.  Облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың айтуынша,  мұнда балғындар 4  топқа  бөлініп оқиды. Жабдықтау нормалары мен қауіпсіздік ережелері толық сақталған. Ұжым толық жинақталған. Бүгінде ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, өтініштер қабылданып жатыр.

Петропавлдағы Уәлиханов көшесі бойында салынған   үстел тенисі орталығының ашылуына жиналғандар қатары қалың болды. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов спортсүйер қауымды құттықтап, жастарға  биік белестер мен айтулы жетістіктер тіледі. Жаңа нысанға  жолаушылар көлігінің кілтін табыстады.

-Барша спортшыларды осынау айтулы күнмен құттықтаймын. Елімізде  спорт саласын  дамытуға зор көңіл бөлінуде.  Бұқаралық спорт нысандарының құрылысын  қаржыландыру көлемі артты.  Бүгінгі жастардың спорттың сан саласында өздерін шыңдап, табысқа жетіп, еліміздің абыройын халықаралық, әлемдік ареналарда асқақтатуға мүмкіндігі бар, — деді Ольга Перепечина.

Жаңа жобаның құны — 3,5 млрд. теңге. Осы күні елде мұндай 10 орталық жұмыс істейді. Құрылыс жұмыстарын  «MIRAS GROUP» компаниясы жүргізген. Бұған дейін спортшылар «Барыс» спорт мектебінде шынығып келсе, енді  жаңа орталықта  шеберліктерін шыңдайтын болады. Ол үшін орталыққа 24 тенис үстелі орнатылған.

Өңір басшысы  орталықтың ашылуына келген өрендердің бірімен тенис ойнап көрді. Қанат Басенов  сегізінші сыныпта оқиды. Аталмыш спорт түрімен алты жылдан бері айналысып келеді.

-Бұған дейін басқа жердегі спорт мектебінде жаттығып келдім. Қалада осындай орталық ашылғанына қуаныштымын. Алдағы уаықтта  шеберлік деңгейіміз көтеріледі деп ойлаймын. Тениспен тұрақты айналысып келемін, — жас споршы.

Нысанның шылу салтанатына түрлі ұйым өкілдері, сала ардагерлері мен жастар қатысты. Үстел тенисі бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісі Ирина Пюрконың сөзінше, алдағы уақытта орталықта тенистен ел деңгейіндегі  ірі додаларды  өткізу жоспарланып отыр.  Жаңа залдағы спорттық бәсеке бірінші күні-ақ басталып кетті. Үстел тенистінен облыстық чемпионат бірнеше күнге жалғасады. Оған қала мен бірнеше ауданнан келген 12-14 жас аралығындағы 84 жас қатысып жатыр.

Спортшылар шеберлік шыңдайтын тағы бір нысан «Береке» шағынауданында  ашылды. Мұндағы жаңа салынған денешынықтыру-сауықтыру кешені 240 адамға шақталған. Нысанда жаттығу жасайтын 4 кең зал бар. Ғимараттың жалпы ауданы 4 мың шаршы метрге жуық. Жаттығу залдарында волейбол, бокс, күреспен айналысуға жағдай жасалған. Мәселен, «Қуаныш» волейбол клубының кіші тобы осында алғашқы жаттығуларын бастап кеткен. Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов аталған клубтың айтулы  табыстарға жетіп, ірі додаларда жеңімпаз атанып жүргенін атап өтті. Ал келесі залда палуандар шынығып жатыр. Келушілер үшін күрестің бірнеше түрінен жаттығуларға қатысуға мүмкіндік бар.

-Өңір мақтанышына айналған балуандарымыз көп. Кейінгі жастардан да үміт күтеміз. Мұнда келушілерге  барлық жағдай жасалған. Жаттығуға қолайлы кең зал, жүгіру жолағы, олимпиадалық стандарттарға сай күрес кілемі бар. Қазіргі кезде біздің өңірде жас спортшыларға арналған  көптеген нысандар іске қосылып жатыр. Мұнда балалармен қатар кәсіби балуандар да жаттыға алады, — дейді «Қызылжар арландары» клубының басшысы Алтынбек Аусағитов.

Денешынықтыру-сауықтыру кешенінде бокс жаттығулары да басталып кеткен. Мұнда аптаның бес күнінде жаттығу өтеді. Келушілерге 2 жаттықтырушы бағыт-бағдар көрсетеді.

 

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

Диас АЯҒАН

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz