Бұдан бұрын хабарланғанындай, Республика күні қарсаңында облыс орталығында бірнеше әлеуметтік, спорттық нысанның таспасы қиылып, пайдалануға берілді.
Облыс әкімі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы 1200 орынға арналған жатақхананың ашылу салтанатына қатысты. Мағжан Жұмабаев көшесінің бойында орналасқан жатақхана алыстан көз тартады. Соңғы үлгіде жабдықталған ғимарат білім алушы жастардың сұранысына сай безендірілген. Студенттерге қажетті тоңазытқыштар, кір жуатын машиналар әр бөлмеге орнатылыпты. Тіпті, тренажер залы да бар.
– Баршаңызды жаңа жатақхананың ашылуымен құттықтаймын. М.Қозыбаев атындағы СҚУ — еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Мемлекет тарапынан студенттерге барлық жағдай жасалуда. Бүгін пайдалануға берілген студенттер үйі — соның айқын дәлелі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде жастардың сапалы білім алуы үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Студенттер арасында жатақханада орын тапшылығын жою мақсатында ауқымды шаралар қолға алынуда. Екі блоктан тұратын жатақханада студенттердың алаңсыз оқуына, ғылыми жобалармен айналысуына мүмкіндік мол, – деді Ғауез Торсанұлы.
Өңір басшысы студенттер үйінің құрылысын жүргізген мердігер «Основание» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сергей Тимофеевтің табанды еңбегін ерекше атап өтті. Шарада Парламент Сенатының депутаты Ольга Перепечина, Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханқызы сөз алып, жастар еліміздің ертеңі екенін айта келе, олардың жарқын болашағына зор сенім білдірді. Жаңа жатақхананы аралап көрген жастар ой-пікірлерімен бөлісіп, жергілікті билік өкілдеріне өз ризашылықтарын жеткізді.
«Береке» шағынауданында 300 орынға арналған №2 арнайы мектеп-интернатының жаңа ғимараты ашылды. Нысан мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық қажеттілігін қамтамасыз етеді. Талапқа сай салынған заманауи ғимарат құрылысына шамамен 2 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Жергілікті бюджеттен құрал-жабдықтар сатып алуға 400 миллион теңге бөлінді.
– Өңірде 5 мыңға жуық ерекше бала инклюзивті білім алуды қажет етеді. Мыңға жуық түрлі санатта мүмкіндігі шектеулі бала бар. Облыста осындай 26 мекеме арнайы білім берумен айналысады. Соның ішінде алты мектеп-интернат жұмыс істейді. Бүгінде өңірде ерекше балаларға арналған мекемелерде орын тапшылығы жойылды. Бұрын балалар арнайы бейімделген ғимаратта оқыса, бүгінде осындай заманауи әрі кең мекемеде білім мен тәрбие алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Екінші тоқсаннан бастап балалар жаңа ғимаратта білім алатын болады, – дей келе облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова оқу ордасында педагогикалық кәсіби білікті мамандар жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
Бүгінде №2 арнайы мектеп-интернатында 220 бала бар. Өңір аудандары мен облыс орталығының кейбір шет аймақтарынан қатынап оқитын оқушылар үшін арнайы жатын орын да қарастырылған. Елу орынға шақталған интернат барлық құралдармен қамтамасыз етілген. Ойын бөлмелері көз тартар көрініске ие. Ал инклюзивті білім алатын балалар үшін жаңа коррекциялық мектепте сыныптармен, заманауи үлгіде жабдықталған кітапхана, асхана, спорт залы, дефектолог, логопед кабинеттері мен зертханалар, түрлі бағытта оқушылардың шығармашылық дамуына жағдай жасайтын омарташылық, тігін ісі, гүл өсіру және көгалдандыру, кәсіби еңбекке баулу шеберханалары бар. Барлық кабинеттерде арнайы құрал-жабдықтар орнатылған.
Коррекциялық мектеп-интернаттың ішін аралап көрген өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов педагогикалық ұжымға табыс тілеп, барлық бала сапалы білім, саналы тәрбие алуға құқылы екенін жеткізді. Ата-аналар да сөз алып, мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдірді.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
Диас АЯҒАН,