Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны бақытына орай алаяқтардың арбауынан аман қалды. Өзін банк қызметкері деп атаған күдікті әйелмен сөйлескен ауыл тұрғынының телефоны басқаруға көнбей қойған. Тосын жайттан секемденген әйел көршісінен полицияға қоңырау шалып, көмек сұрады.
Оқиға орнына учаскелік инспектор Нұрсұлтан Ақсанов жетіп, алдымен алаяқтар басқарып отырған телефонды «ұшақта» режіміне ауыстырды. Бұл құрылғыға қашықтықтан кіруден қорғауға мүмкіндік береді. Осыдан кейін алаяқпен әңгімені үзіп, ауыл тұрғынының телефонына жүктеліп жатқан қосымшаны тоқтатады.
Алаяқтардың құрбаны бола жаздаған әйелдің айтуынша, оған өзін «Қазпошта» АҚ қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам қоңырау шалған. Ол сәлемдемені алу үшін SMS арқылы келген кодты айту керек деп алдаусыратқан. Содан кейін банктің жалған қызметкерінен қоңыраулатады. Ол ауыл тұрғынына несие рәсімделіп жатқанына сендіріп, одан қорғану үшін бір қосымшаны орнату керек деген. Әйтеуір техникалық себептерге байланысты күдікті қосымшаны орнату кешуілдеген. Осы уақыт аралығында учаскелік инспектор да жетіп, интернет-алаяқтықтың алдын алды.
Ауыл тұрғынының телефонына қашықтықтан қол жеткізу қаупін жойған Нұрсұлтан Ақсанов құрылғыдағы барлық күдікті қосымшаларды жойып, әйелге «eGov», содан кейін «eGov.mobile» сервисінде электрондық кілттерді қайта шығаруға көмектесіп, «алты ай мерзімге несие алудан өз еркімен бас тарту» қызметін жүктеп берді.
Игорь МЕРЦАЛОВ,
Облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің жетекші маманы.