Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханамен бірлесіп, «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды.
Оған арнайы келген Тайынша ауданындағы Аймақ орта мектебінің директоры Ораз Құттықожа білім ордасына Сәкен Сейфуллиннің атын беру керек деген ұсыныс айтты. Өйткені оны 1927 жылы «Үш бәйтеректің» бірі салғызған.
Тағы бір ұсыныс — жалынды жазушы, ақын, дарынды драматург шығармаларын мектепте оқыту бағдарламасына «Көкшетау» поэмасын енгізу керек. Бұл туралы Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлназ Зейнолова айтты.
Кеш барысында ұстаздар қауымы Жазира Көкбасқызы, Жанар Әбілова, Тамара Орлова, Жадыра Шәкірбаева, Венера Зейнина қазақтың біртуар ұлының өмірі мен шығармашылығының қыр-сырына талдау жасаса, өнерпаздар ән мен жырынан шашу шашты. Кеш қонақтарына «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының атынан Алғыс хаттар табысталды.