«Қуаныш» клубы ел кубогының ойындарына қатысуда

Авторы: Qyzyljar News

       Әйелдер арасында өтетін волейболдан ел біріншілігінің басталуына санаулы күндер қалды.  Қыздар командалары осы аптада Қазақстан кубогы жарысында бақтарын сынауда. Бұл дәстүрлі турнирдің бірінші кезеңі Қызылжар төрінде өтіп жатыр. Бүгіндері жергілікті «Қуаныш» клубы екі ойын өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті.  Бұрымды спортшылардың бас бапкері Азамат Есімовпен сұхбаттасудың сәті түсіп, алдағы жоспарлары туралы сұрадық.

– Азамат Оралұлы, өткен жылы «Қуаныш» командасы  ел кубогында топ жарғанымен, біріншілікте қола жүлдені місе тұтты.  Биылғы ел біріншілігіне дайындықтарыңыз қалай?

– Біз өткен жылғы маусымды сәтті бастадық. Тек ел біріншілігінің соңғы ойындарында есе жіберіп, қоланы қанағат тұттық. Биылғы мақсат – кем дегенде күміс медальдарды еншілеу. Бұл үшін клубта бірқатар өзгерістер орын алды. Команда құрамын 40 пайызға жаңарттық. Ойыншылардың басым бөлігі – отандық волейболшылар. Әрине, білікті легионерлердің де қажеттігі сезіледі. Сондықтан  клубта былтыр  өнер көрсеткен Болгария, Ресей мен Украина құрамаларының өкілдерін қалдырдық. Олар – Петя Боракова, Анастасия Кудряшова мен Юлия Темара.

Легионерлеріміз өздерінің ұлттық командаларында негізгі құрамда ойнайды. Біз де оларға сенім артып отырмыз.

– Ел кубогының ойындары басталмас бұрын Азияның клубтық чемпионаты өтті. Бұл жарыс жайлы айтып өтсеңіз.

– Иә, осы жылы да командамыз Азия біріншілігінде өнер көрсетті. Топтық кезеңде жақсы ойнадық. Тек плей-офф кезеңінде жолымыз болмады. Осылайша тек төртінші орынға ғана қол жеткізе алдық. Жүлдесіз қалған соң, Әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігінен айырылдық. Жаңа құрам енді ғана жасақталғандықтан кейбір жоспарымыз жүзеге аспады. Бұл қателіктерді түзеп, біріншілікте өткен жылы жіберген  есемізді қайтаруға тырысамыз.

Азия чемпионатында сарықұрлықтың үздіктері жиналады. Бұл жарыста екі жыл қатарынан  ойнау – біз үшін жақсы көрсеткіш.

–  Қызылжар төрінде өтіп жатқан  ел біріншілігінің алғашқы жеңістерін қоржындарыңызға салып үлгердіңіздер.  Соңғы өткен ойындар жайлы қандай пікірдесіз?

– Көптеген спорт түрлерінде ішкі кубок ойындары маңызды емес болып есептеліп келеді. Волейболда болса, әр команда жеңіс үшін ойнайды. Әрине, кубок ойыншыларды сынауға таптырмас мүмкіндік. Бірақ мұндағы мақсатымыз да жоғары нәтижелерге қол жеткізу. Былтыр  турнирдің жеңімпазы атандық. Биыл бұл межеден төмен түспеуге тырысамыз.

Қазіргі уақытта ойыншылардың бет алысы жаман емес. Бапкердің әр кеңесін тыңдап, жақсы пайдаланып келеді. Оған дәлел, соңғы нәтижелер.

Кубоктың алғашқы ойынын Ақтөбе қыздарына қарсы өткіздік. Нәтижесінде 3:0 есебімен қарсыласымыздан басым түстік. Екінші кездесуде «Берелмен» кездестік. Бұл командаға чемпионаттың соңында есе жібердік. Енді міне, есемізді осы жолы қайтардық. Матч қиын болған жоқ. Ойын 3:1-мен аяқталды. Алда әлі үш тартысты кездесу бар. Онда да жеңіске жетуге тырысамыз. Міндетті түрде плей-офф кезеңіне өтеміз деп ойлаймын.

– Волейболдан ел чемпионаты қараша айында басталады. Алғашқы турлар қай қалада өтеді?

– Қараша айында ел біріншілігі басталып, бірінші тур Өскемен қаласында өтеді деп жоспарланып отыр. Әзірге бірінші қарсылас кім болатыны белгісіз. Кейін екінші кезең Астанада өтеді. Бұл жарысқа мықтап дайындалу керек.

Жоғарыда атап өткендей, біздің команда жергілікті волейболшыларға сенім артып отыр. Мәселен клубымызда 14 волейболшы болса, оның 7-уі қызылжарлық волейбол мектебінің түлектері. Олар жылдан-жылға кәсіби тұрғыда дамып келеді. Биыл жұлдыздары жанатынына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбасттасқан Аманжол НҰРТАЗИН.

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz