ҮШ ЖҮЗДІҢ ПІРІ БОЛҒАН МАРАЛ ИШАН

Авторы: Qyzyljar News

 

       М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Марал ишан: өмірі мен қоғамдық-діни және саяси қызметі (1780-1853)» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұлт-азаттық қозғалыстың рухани күрескері Марал Құрманұлының есімін ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шара аясында Ислам мәдениеті музейінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі ашылды.

Марал бабамыздың 255 жылдығына орай ұйымдастырылған алқалы жиын «Сыр өңіріндегі ислам руханияты» атты көрмеден бастау алды.  Айтулы шараға облыстық және қалалық ардагерлер ұйымдары, дін және мәдениет саласының  қызметкерлері, аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдері қатысты. 1780 жылы Жамбыл ауданындағы Нұрымбет ауылында дүниеге келген Марал ишанның  Сыр өңірінде діни-исламдық оқыту мен тәрбиелеу жұмыстарын жүргізгені көпшілікке мәлім.  Бабамыз  Қызылорда облысының Қармақшы топырағында мәңгілік тыныстап жатыр.

– Үш жүздің пірі атанып, қилы заманда күрескерлік рух танытқан жерлесіміз Марал Құрманұлының есімін ұлықтау – ұрпақ парызы. Музейлер арасындағы осындай ынтымақтастық тұрғындарға тарихпен етене танысуға мүмкіндік береді. Тарих, дәстүр мен мәдениет бір-бірімен тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырып отырады.  Тарихи сабақтастықтың жібін үзбей, Марал бабамыздың өмірі мен қызметін насихаттауға үлес қосып отырған Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне ризашылығымыз шексіз, – дей келе облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Мафруза Науанова жерлестерімізді айтулы шарамен құттықтап, Сыр елінен арнайы келген қонақтарға сый-құрмет көрсетті. Көрменің ашылу салтанатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының стратегиялық даму және талдау бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Смайыл Сейтбеков, «Марал-Баба» жекеменшік қайырымдылық қорының жетекшісі Мұхамедхан Қасымқанұлы сөз алды. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау  жиналғандарды жылжымалы көрмемен таныстырды.

Меймандардың  қызығушылығын тудырған жәдігерлердің ішінде Марал ишанның  асасы (көшірме), Қалжан ахун пайдаланған құман мен леген, тас қайрақ,  Ер Сейітпенбет әулие мен Қалқай ишанның мөрлері  (көшірмелері), Құлболды ишан әулетінің шежіресі, «Тальфик аль-Ахбар», Хуласи аль-Кидани», «Мултака әл-абхур», «Мактубат» кітаптары, «Ахтари-Кабир» сөздігі бар.  Бұл көрме қала тұрғындары мен қонақтарының назарына  бір ай бойы  ұсынылатынын айтып өту қажет.

Конференцияны жүргізген Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова Марал ишанның руханиятымыздың, ағартушылықтың және халықтық дәстүрдің жетекшісі болғанын айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда: «елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі» деген болатын.

– Конференция жұмысына арнайы қатысып отырған ғалымдарға, ақсақалдарға, еліміздің аяулы азаматтарына, әсіресе Сыр елінен келген қонақтарға ерекше  ризашылығымызды білдіреміз. Марал ишан Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарының түйіскен жерінде дүниеге келді. Ол қазіргі Бұқара маңындағы Жалаңаяқ ишан медресесінде он жыл оқып, терең діни және дәрігерлік білім алды. Сыр бойына келген соң жергілікті халықты Ислам жолына насихаттап, бір жағынан сауатын ашып, мәдениетін көтеруге көп еңбек сіңірген.  Мыңдаған адамды қасиетті Құранның құдыретімен емдеген, – деді   облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов.

Конференция жұмысына онлайн қатысқан  заң ғылымдарының кандидаты, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік жобалық комиссияның төрағасы Сабыр Қасымов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, Өзбекстан Республикасы Қарақалпақ бөлімшесінің Гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институты тарих бөлімінің меңгерушісі Асқар Жұмашев сынды бірқатар азаматтар баяндама жасады. А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің просессоры Аманжол Күзембайұлының, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының стратегиялық даму және талдау бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Смайыл Сейтбеков пен өзге де ғалымдардың тың деректерге толы мазмұнды баяндамаларынан кейін баба рухына тағзым ретінде Құран оқылып, ас берілді.

maral ishan

суретте: Қызылорда облысының Қармақшы ауданында орналасқан Марал ишан кесенесі.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz