Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің әлеуметтік маңызды міндеттерінің бірі – өңір азаматтарының өмір сүру сапасына кері әсер ететін проблемаларды шешу. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасына енгізілген әлеуметтік проблемаларға мониторингтер және сыртқы талдаулар жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Осы жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Кешенді іс-шаралар барысында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары мемлекеттік сатып алу жүйесін тексеріп, жөнсіз сатып алулардың жолын кесті. Сөйтіп мемлекет қаржысын үнемсіз, тиімсіз пайдаланудың алдын алды. Тоғыз айдың ішінде «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталына мониторинг жүргізіліп, бір млрд. теңгеден астам қаражат үнемделді.
«Мемлекеттік сатып алулар бойынша мысалдар келтіретін болсақ, Петропавл қалалық тұрғын үй, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қымбат дәрілік ұнтақтың 80 тоннасын 34 млн теңгеге сатып алмақ болған. Ал Жамбыл ауданында қымбат бағаға білім ордаларына жаңа қазандықтар орнату көзделген. Сатып алу құны тым өсіріп көрсетілген. Келісімдердің күші жойылып, 103 млн. теңге үнемделді», – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.
Бұл бағыттағы жұмыстар әр кез бақылауда болмақ. Себебі қазына қаржысын мақсатты пайдалану, әр теңгені есептеу басты міндет болып қала береді.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің
бас маманы.