Күз — ауыл еңбеккерлерінің жаз бойы маңдай терлерімен өсірген өнімдерін жинап алатын, жасыл жайылымда төрт түлігін күйлендіретін, содан кейін оларды пұлдайтын кез болып саналады. Нарық заңының талабына сәйкес бұл жерде оларды тиімді саудалайтын орын табудың маңызы зор. Ауыл еңбеккерлері мен қала тұрғындарының арасында делдалсыз сауда өткізуді мақсат тұтқан еліміздегі барлық өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесін Астана қаласында өткізу соңғы жылдары игі дәстүрге айналған. Арнайы жасалған кестеге сәйкес қыркүйек- қазан айларында жүктерін тиеген керуендер көші Астана қаласына жол тартады.
19-20 қазан күндері Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер елордада өз жәрмеңкесін өткізді. Бұрындары «Хан шатыр» сауда –ойын сауық орталығының, «Астана арена» стадионының, Хазірет сұлтан мешітінің маңында ұйымдастырылып келген бұл жәрмеңкеге лайықты орын табылыпты. Биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойыны дүркіреп өткен, астаналықтарға жақсы таныс қаланың оңтүстік- батыс бөлігіндегі Қарқаралы тас жолының бойында орналасқан «Қазанат» ипподромының қарама-қарсы бетінде аумағы ат шаптырым «Елорда базары» бой көтеріпті. Біз жәрмеңкеге таңғы сағат тоғыздан кейін атбасын бұрғанда жеке көлігімізді қоятын орынды әрең таптық. Жәрмеңкеге келген халықтың қарасы қалың. Оның үстіне қазанның жаймашуақ ауа райы да жәрмеңкеге өзінің айшықты таңбасын салғандай, сатушылардың да, сатып алушылардың да көңіл-күйлері жайдары.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда бұл жәрмеңкеге өңірдегі барлық 13 ауданы мен Петропавл қаласынан 110-нан астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысқан.. Жәрмеңкеде Астана қаласының тұрғындарына 112,8 тонна еттің барлық түрі, 485 тонна картоп пен көкөністер, 31 тонна сүт өнімдері, 120 мың дана тауық жұмыртқасы, 9,7 тонна бал, 7 тонна шұжық өнімдері, 71 тонна ұн және макарон бұйымдары, 12 тонна басқа өнімдер ұсынылыпты.
Биыл арнайы ұйымдастырылған жәрмеңке алаңында таңғы сағат сегізден қызу сауда басталыпты. Таң алакеуімнен сауда сөрелеріне елордаға әкелген өнімдерін жайып тастаған ауылдықтар, кәсіпкерлер өнімдерін жарнамалап, сатып алушыларды өздеріне шақырып жатыр. Үлкен әріптермен жазылған тауар бағалары мен белгілері, өнлірушілердің таңбалары келушілердің өзіне қажеттісін қиналмай іздеп табуларына бағдар бергендей. «Елорда базарының» аумағы үш аймаққа бөлініпті. Базарға кіре бергенде сол жағында Солтүстік Қазақстан, орта бөлігінде Қарағанды, ал оң жақ бөлігінде Шығыс Қазақстан облыстары ауыл шаруашылығы өнімдерінің сөрелері жайылыпты.
-Екі ай бұрын басталған бұл жəрмеңкелердің мақсаты елорда тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Мұндай жәрмеңкелер еліміздің барлық облыстарының қатысуымен өтіп жатыр және 27 қазанға дейін жалғасады. Осы аптада үш облыстың ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланып жатыр. Барлық өнімдер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай, сатушыларда өнімдердің шығу тегін, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болады, — деді «Елорда базарының» өкілі Кеңес Игенов.
Қызылжар өңірінің экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері елорда тұрғындары мен меймандарына ұсынылды.. Мұндағы жылқы, сиыр, қой еттері, сары май, ірімшік, құрт, ет пен шұжық жəне көкөністер нарықтық бағадан 15-20 пайыз төмен саудаланды. Жәрмеңкенің орта тұсында әлдебір мәселені қызу талқылап тұрған Есіл мен Жамбыл аудандарының әкімдері Мереке Мұхамедияров мен Азамат Бектасовты жолықтырдық. Бұрыннан таныс адаматтармен жылы жүзді амандасқан соң елдің жағдайын сұрап, әңгімеге тарттық.
-Биыл табиғат өзінің тосын сыйларымен ауыл тұрғындарын әбігерге салды ғой. Көктемгі алапат су тасқынының зардабы мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің арқасында жойылды деуге болады, келген шығын өтелді. Одан кейін тамыз айы жаңбырлы болып, ауылдықтарға қиындық әкелді. Осындай ауа райының қолайсыздығына қарамастан аудан диқандары биыл бітік егін өсіріп, күзгі орақ науқанын ойдағыдай аяқтады, гектар берекелігі орташа есеппен 19 центнерден айналды. Кейбір шаруашылықтар бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бүгінгі жәрмеңкеде Есіл ауданының он үш шаруашылығы өздері өсірген және өңдеген өнімдерін саудалап жатыр. Осыдан кейін Республика күні қарсаңында Петропавл қаласында өтетін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жәрмеңкесіне қатыспақ ойымыз бар- деді Мереке Тілеужанұлы.
Жәрмеңкеге келушілер өздеріне ұнаған өнім түрлерін таңдап, сатып алып жатты. Қой етін саудалап тұрған азамат өзін Саян Естаев деп таныстырды. Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылында оның қой өсірумен айналысатын қосалқы шаруашылығы бар екен. Жәрмеңкеге сойып әкелген алты қойының екеуін бір сағаттың ішінде үйітілген басымен бірге той қамына сатып алып кетіпті. Семіз қой етінің килограмын 2200 теңгеден сатып жатқан жерлесіміз саудасының сәтті болатынына сенімді.
Көзімізге елу шақты адам кезекте тұрған сауда нүктесі түсті. Мұнда Булаев май зауытының сапалы өнімдері қызу саудаланып жатыр екен. Кәсіпорын өкілі Светлана Ноздыреваның айтуынша, олардың өнімдері астаналықтарға жақсы таныс, елордада бірнеше сауда дүкендері бар екен. Қорабы 200 граммдық «Шаруа» сары майын 800 теңгеден , ірімшігін 400 теңгеден, майлылығы 20 пайыздық қаймағын 450 теңгеден сатып жатқан сауда нүктесіне келгендер қалағанша ұнағандарына қол жеткізуде. Осы жерде жылқы етін мүшелеп сатып алып жатқан шапан мен тақия киген ақсақалға жолықтық. Амандық-саулықтан кейін жөн сұрастық.
-Мен оңтүстік өңірдің тумасымын, зейнеткер атанғанша қал-қадірімше сонда еңбек еттім.Төрт ұлым, бір қызым бар, Астанада тұрамын. Аллаға шүкір, қазір немере-жиендердің ортасында жүріп жатқан жайым бар. Үш келінім Қызылжар өңірінен.Осы айда Айыртау ауданынан Астанаға көшіп келген бір құдам кенже баласын үйлендірмек. Құдалары Батыс жақтан екен. Тойдан кейін жаңа құдаларды үйіме шақырып, солтүстіктің салтымен жылқы етінен екі астау дәм дайындамақ ниетпен келдім бұл жәрмеңкеге. Қалауымша қазы-қартасын, жал-жаясын, шұжығын сатып алдым. Өйткені Қызылжардың шүйгін шөбінде күй жинаған жылқы етінің дәмі тіл үйіреді ғой. Оның үстіне Астана базарларындағы жылқы етінің бағасы қалта қағады, — деді Хамит Оразбаев ақсақал.
Астаналықтар жерлестеріміз әкелген тәтті тағамдарды да жақсы сатып алды. “Vizavi” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жәрмеңкеге бір тоннаға жуық өз өнімдерін жеткізіпті.
– Біздің өнімдеріміздің Астана қаласында өз тұтынушылары бар деуімізге болады. Өйткені, біз өнімдерімізге кептірілген өрік, мак, лимон, қара мейіз және басқа да табиғи қоспаларды ғана қосамыз, бұл оның сапасын арттырады. Өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болғандықтан біз оларды Ресейдің көрші өңірлеріне де саудаға шығарамыз, – дейді “Vizavi” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Оксана Гладких.
Ал Степураның отбасылық омартасының өнімдерінің тұтынушылары балдың дәмін татып, сатып алып жатты. Бұл жеке шаруашылық 1908 жылы облысымызда құрылыпты. 2022 жылы асыл тұқымды бал шаруашылығы мәртебесін алыпты. Кәсіпорынның омарталары Мағжан Жұмбаев пен Аққайың аудандарында орналасқан. Оның өкілі Дмитрий Степураның айтуынша, емдік қасиеті жоғары балдар түріне байланысты килограмы 2500-3000 мың теңге арасында саудаланып жатқан көрінеді.
-Елордада апта сайын өтетін өңірлердің ауыл шаруашылығы жəрмеңкесін жібермей келіп тұрамын, біз секілді зейнеткерлерге арзан бағаға қажетімізді сатып алу тиімді. Жәрмеңкеде көрме ұйымдастырылып жатыр. Көрмеде ұсынылған тамақтың дəмін татып көріп, ұнағанын алуға болады. Барлығы халықтың қамы үшін жасалып жатыр. Астана қаласы əкімдігіне тұрғындардың жағдайын ойлап, осындай жəрмеңкелер ұйымдастырып жатқандарына алғысымызды білдіреміз, — деді қала тұрғыны Айнұр Жұматаева.
Сонымен қатар жəрмеңкеде солтүстіктің, шығыстың, орталықтың өнерпаздары əннен шашу шашып, елордалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жәрмеңке алаңының ортасында орнатылған арнайы сахнаға шыққан өнер иелерінің тамылжыта орындаған халық әндері мен күмбірлеген күйлері, мың бұралған билері тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды, көзайымына айналды. Сахна жанына жиналған қауым олардың өнерлеріне қолдау көрсетіп жатты.
-Жəрмеңкедегі өнімнің бағасы нарықтық бағадан əжептəуір арзан, – дейді Астана қаласының тұрғыны Төкен Дәулиев. – Мəселен, жылқы етінің бір килограмы 2500 теңгеден, қымыздың бір литрі 1500 теңгеден, қаймақ 1500, құрт 2500 теңгеден сатылуда. Ал картоптың бір килограмын небəрі 110 теңгеден алуға болады. Бұл елорда тұрғындарына әжептәуір көмек. Əрі-беріден соң ауыл еңбеккерлерінің қала тұрғындарына қол ұшын беруі ел ішіндегі бекем бірлікті көрсетеді. Ішкен-жеген түске жетпегенімен, азық-түліктің бағасы аспандап тұрғанда, арзан өніммен дастарқанымызды майлаған сəт есімізде жүреді ғой.
Бұл жолғы жəрмеңкенің қыраулы қыстың алдында ұйымдастырылуы халыққа біршама пайдалы болғаны сөзсіз. Тағы бір айта кетерлігі, жəрмеңкеде жұртқа ұсынылған кейбір өнімдерді дүкен сөрелерінен арзанға кезіктіре алмас едіңіз. Сол жағынан да ұтымды бұл жәрмеңкелер. Қоңыр күздегі сұрғылт тартқан Астана аспанын шулы жəрмеңкеден бусанып шығып жатқан жан жылуы жылытып тұрғандай.
Зарап ҚҰСАЙЫНОВ