Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында бес мәселе қаралып, тиісті шешімдер шығарылды.
Алдымен Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары, әдеп жөніндегі уәкіл Алма Нұрғалиеваға қатысты ақпарат тыңдалды. Оның 3 қыркүйекте «Instagram» әлеуметтік желісінде қызметтік көлікпен тыйым салынған жерде тоқтап, жол ережесін бұзғаны және «темір тұлпарды» өзі тізгіндегені, оны жеке мақсатқа, яғни супермаркеттен нан сатып алу үшін пайдаланғаны жайлы бейнебаян жарияланған. Облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ержан Қарымсақов мемлекеттік қызметке жеке бас мәселелерін араластырмауды қатаң ескертті.
Талқылау барысында мемлекеттік қызметшінің кінәсін мойындағаны, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлегені, келешекте мұндай келеңсіз жағдайлардың қайталанбайды деген уәдесі ескерілді. Бірақ кеңес мүшелері әдеп нормаларын бұзғанын бетіне басып, ескерту түрінде тәртіптік жаза қолдануға шешім шығарды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет материалы негізінде Ақжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспециясы бөлімінің жетекшісі Мархат Теміржан «Айдаһар» жеке кәсіпкерлігі жеңімпаз бола тұра, мемлекеттік сатып алу қорытындыларын жосықсыз жоюға ықпал жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекеттік лауазымын төмендету түрінде тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Кеңес отырысында медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің басшысы Батырхан Сарымсақовқа қатысты этика кодексін бұзу фактісі бойынша жоспардан тыс қызметтік тексеріс жүргізілді. Ол мекеменің іс жүргізу жөніндегі инспекторы Ильмира Құдайбергенованың жеке басына тіл тигізіп, ғайбат сөздермен ар-намысын қорлаған. Бейәдеп оқиға 24 тамыз күні орын алған.
Әдеп кеңесінің мүшелері Батырхан Сарымсақовқа қатаң сөгіс беру ұсынысымен келісті.
Дархан ЕРМЕКОВ,
облыстық мемлекеттік қызмет
істері департаменті мемлекеттік
қызмет саласындағы бақылау
басқармасының бас маманы.
ЕРСІ ҚЫЛЫҒЫ ҰЯТҚА ҚАЛДЫРДЫ
186