Өңірімізге Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко бастаған ресейлік делегация келді. Делегация құрамында облыстық әкімшілік қызметкерлері мен іскер топтардың өкілдері болды. Бұл сапар екі өңір арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды шара болып табылады. Осы ретте кездесу барысында аймақаралық байланыстарды дамыту, экономика, мәдениет және білім саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету мүмкіндіктері ұсынылды.
Алдымен делегация мүшелері өңірдегі өндіріс орындарын аралады. Атап айтқанда, фанер, қағаз, сабын өндіру және «Петропавл Металл Құрылғылары» зауытын аралап көрді. Ондағы заманауи технологиялар мен өндіріс үдерісі делегация мүшелерінің қызығушылығын тудырды. Ал кәсіпорын басшылары өнімдері мен өндірістік тәжірибелері туралы ашық баяндады.
Солтүстік Қазақстан мен Омбы облысы – географиялық жағынан шекаралас жатқан өңірлер. Бұл тарихи, мәдени және экономикалық байланысты нығайтуға негіз болып табылады. Шекаралас аймақ болғандықтан шешетін ортақ мәселелер де бар. Екіжақты кездесу кезінде өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов делегация мүшелеріне облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуымен, инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.
–Солтүстік Қазақстан және Омбы облысы арасында тарихи және мәдени байланыстар бар. Біз осы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін тың жобаларды бірге жүзеге асыруымыз керек. Әр өңірдің экономикалық әлеуетін ескере отырып, өзара тиімді шешімдер табуымыз қажет. Бұл тек екі облыстың ғана емес, қос елдің де дамуына оң әсерін тигізетініне сенімдімін. Біздің күш-жігеріміз, идеяларымыз бен ресурстарымыздың бірігуі оң нәтижелерге жеткізеді, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Омбылық делегация өз тарапынан ынтымақтастықты дамыту үшін арнайы ұсыныстары барын айтты.
–Біз бірге жұмыс істеп, өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға ниеттіміз. Осы ынтымақтастық аясында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларында бірлескен бастамаларды қолға алуды ұсынамын, – деді Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко.
Кездесу барысында маңызды меморандумдарға қол қою рәсімі өтті. «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы мен «Теплоэксперт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «ЗМК МОСТ» зауыты өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Бұл құжат екі өңірдің кәсіпорындары арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға, жаңа жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ технологиялар мен инновацияларды бөлісуге мүмкіндік береді. Меморандум аясында тараптар бірлескен жобаларды іске асыру, кадрларды даярлау және өндірістік үдерістерді жетілдіру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.
Омбы делегациясының сапары барысында екі жақты келіссөздер өткізіліп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларындағы серіктестікті арттыру мәселелері де талқыланды. Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті зор аймақ болғандықтан, бұл бағыттағы ынтымақтастық екі тараптың да экономикалық тұрғыдан дамуына серпін бермек.
Сонымен қатар, білім беру және мәдениет саласындағы байланыстарға да ерекше назар аударылды. Екі өңірдегі жоғары оқу орындарының арасындағы ынтымақтастық студенттер мен ғалымдардың тәжірибе алмасуын күшейтуге, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Жоспарланған мәдени іс-шаралар мен көрмелер де халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Сапардың соңында омбылық делегациясы орталық саябақтағы Абай-Пушкин ескерткішіне гүлшоқтарын қойды. Бұл іс-шара екі елдің мәдени байланысының, достығы мен өзара сыйластығының айғағы болмақ
Осылайша, өңірлер арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін бастады. Ынтымақтастықты дамыту арқылы екі аймақ та өздерінің экономикалық және әлеуметтік дамуын жаңа деңгейге көтеріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға ұмтылмақ.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,