Республика күні қарсаңында Петропавл қаласында креативті индустрия орталығы ашылды. Айтулы шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бас директоры Альфия Адиева, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Бағдад Мусин, аудан әкімдері және өңірдің креативті жастары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің креативті индустрияларды дамыту тапсырмасына сәйкес еліміздің әр өңірінде креативті жастардың шығармашылығын дамыту мақсатында мамандандырылған орталықтар ашылып жатқанын атап өту қажет. «Qyzyljar creative center» орталығы Жамбыл көшесінің бойындағы бұрынғы С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театр ғимаратында орналасқан. Аталмыш нысан орталық ретінде қайта жабдықталып, түрлендірілді. Өңірдің экономикалық дамуына жаңа серпін, мәдени мұра мен инновациялық технологиялардың көмегімен жастардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беретін бұл жоба аясында облыста шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру, қарқынды дамып келе жатқан салалар үшін бәсекеге қабілетті кадрлар даярлау басты мақсат болып табылады.
– Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауларында шығармашыл жастарды қолдауға ерекше екпін түсірілген болатын. Осы бағытта мамандармен бірлесе жұмыс істеп, бұрынғы театр ғимаратының тарихи мән-маңызын негізге ала отырып, жастардың идеясын жүзеге асыратын орталық ашуды ұйғардық. Осындай орталықтар аудандарда ашылса артық емес, – дей келе облыс әкімі Ғауез Торсанұлы креативті индустрия орталығын ашуға «Samruk – Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қаржылай қолдау білдіргенін айтты. Өңірдің шығармашыл жастарының басын біріктіретін кешенде цифрлық және ақпараттық технологиялар, медиа және диджитал, сән индустриясы, хореография және білім беру салалары жан-жақты қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерін дамытуға да баса көңіл бөлінгені қуантады.
Орталықта кәсіпкерлер, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, жоғары сынып оқушылары, оқытушылар және кәсіби дамуға мүдделі барлық қала және облыс тұрғындары шығармашылық мүмкіндіктерін дамыта алады. Заманауи кешенде барлық жағдай жасалған. Кабинеттер жарық және дыбыс кешендері, компьютерлер, сенсорлық LED дисплейлер мен плазмалық теледидарлар, 3D принтер, тігін машиналарымен жабдықталған. Орталық интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ, мұнда электрондық кітапхана, концерттік зал да бар.
– Қызылжар қасиет қонған құтты мекен. Бұл Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, белгілі ғалым Виктор Зайберт сынды халқымыздың мақтаныштары дүниеге келген киелі өңір. Осындай дарындар дүниеге келген қасиетті өңірде жұмысын бастаған орталық талай талантты тәрбиелейтініне үміт зор. «Qyzyljar creative center» жаңа серпіндегі шығармашыл жастардың ортасы, бастамашыл ордасы боларына сенеміз, – деп қазақ тілінде тілектестік білдірген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов барша қауымды еліміздің айтулы мерекесі – республика күнімен құттықтады.
Жиында аталмыш жобаның жүзеге асуына қолдау білдірген демеушілер сөз алып, өңірдегі жастарға серпін беретін креативті орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Бұл орайда өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік нысанды ашуға ықпал еткен азаматтарға өз ризашылығын жеткізіп, бірқатарына Алғыс хаттар табыс етті.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ