ЖАСАЙ БЕР, ЖАСА, ҚАЗАҚСТАНЫМ!

Авторы: Qyzyljar News

       Елдегі әр азаматтың басын біріктіріп, бірлігімізге тұтқа болып тұрған бір құндылық болса, ол біздің қастерлі егемендігіміз. Қазақ үшін қанша азаппен келген азаттықтың қадірі қымбат. Еліміз көзінен жасы сорғалаған кешегі кер заманның елесін әлі ұмыта қойған жоқ. Ұлтымыздың сан ғасырлық тілегі қабыл болып, Қазақстан өз алдына дербес елге айналды. Осылайша қазақ тарихы жаңа парақтан жазылып, жаңа кезең басталды.

Арыстарымыздың арманы орындалғанына куә болған, азат күннің жемісін жеген бүгінгі ұрпақтың маңдайына жазылған бағы бөлек. Осының бәрін байыптап, ой елегінен өткізіп, өткен мен бүгінімізді таразыға салатын мезет — Республика күні. Ұлттық мейрам қарсаңында Қызылжарда салтанатты жиын өтіп, егемендікті баянды ету жолында  тер төккендер құрметке бөленді.

Салтанатты шара басында көк байрағымыз төрге шығарылып, жиналғандар Мемлекеттік Туға құрмет көрсетті. Кейін Әнұранымыз  шырқалды. Осынау айтулы күнмен өңір халқын облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

-Құрметті солтүстікқазақстандықтар, сіздерді еліміздің басты мерекесі республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мейрам — тәуелсіздіктің бастауы болған маңызды күн. Жерлес ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай,  біз ата-бабамыз аңсап, армандап кеткен азаттықтың алтын айына қол создық. Республика күнінің қайта оралуы тарихи шешім болды. Президент өз сөзінде «Республика күні — халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам» деп атап көрсетті. Үш онжылдықта береке мен ынтымақтың арқасында Қазақстан биік белестерді бағындырды. Еліміздің осы жетістіктерін бағалап, одан әрі дамыту біздің парызымыз. Солтүстікқазақстандықтар елдің дамуы үшін аянбай еңбек етуде. Қазақстанның дамуы жолындағы еңбектеріңіз табысты, бастамаларыңыз сәтті болсын, — деді өңір басшысы.

Құттықтаудан кейін бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетов ІІІ дәрежелі Барыс орденімен марапатталды. «Парасат» ордені қаламгер, «Память» қоғамдық қорының төрағасы Болат Сағындықовтың кеудесіне тағылды. Бұл күні осындай  орденді  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада  облысымыздың құрметті азаматы, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменовке табыстағанын айта кету ләзім.  Тимирязев ауданында физика және математика мәндерінің мұғалімі болып еңбек ететін Жанбота Белгібаева,  көпбейінді облыстық аурухананың аназтезиалогия және жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі Сергей Ишин, облыстық музей бірлестігінің директоры Гүлнар Мұқышева, «Жарық-2005» серіктестігінің директоры Мұрат Нұғыманов «Құрмет» орденін иеленді. ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы ордені «Қызылту» темір жол станциясының вагондарды тексеруші-жөндеушісі Кеңес Егінбаевқа, «Тайынша астық» серіктестігінің малшысы Бейімбет Ерғалиевке табысталды. Ел дамуына үлес қосқан өзге де азаматтарға  «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» мадальдары табысталды. «Шапағат» медалінің иегері атанғандардың қатарында ардагер ұстаз Әлия Малдыбаева да бар.

— Бүгін тәуелсіздігіміздің басты белгісі саналатын еліміздегі ең маңызды мерекені атап өтуге жиналып отырмыз. Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын. Бүгінде еліміз өзгелермен терезе теңестіріп, өсіп-өркендеп келеді. Мемлекетіміздің жетістіктеріне балаша қуанып отырамыз. Қазақстанның болашағы бұдан да нұрлы, жарқын болады деп сенемін, — деді Әлия Ғалымқызы.

Диас АЯҒАН,

 

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz