Егемендіктің елге берген игілігі көп. Бүгінгі біздің бейбіт күнде емін-еркін, өз жерімізде алшаң басып, өзі меншігімізге ие болып отырғанымыз да тәуелсіздіктің арқасы. Жаңа заман ел азаматтарының алдынан жаңа мүмкіндіктер ашып берді. Егемендіктің сол мүмкіндіктерін оңтайлы пайдаланғандардың тасы өрге домалап, бүгінде табысқа жетіп отыр. Мамлют ауданындағы Афонькино ауылының жыл өткен сайын ажары кіріп, көркейіп келеді. Мұндағы игі істерге Қанат Бекенов ұйытқы болып жүр. Ауылдастарының алғысын алған азамат осындағы «Стан» серіктестігін басқаруда.
Елді мекенге дейін апаратын 10 шақырымнан астам жол кеше төселгендей теп-тегіс. Халықтың аудан орталығына қатынауына еш кедергі жоқ. Бұл автожол осыдан бірнеше жыл бұрын кәсіпкердің жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қолдау көрсетуі нәтижесінде салынған екен. Ауылдың тіршілігі де берекелі. Шаңырақтарының түтіні түзу ұшып, төрт түлігі шулап, жұмысы қызып жатқан елді мекенді көріп қуанып қалдық.
Мамлют ауданының Станов ауылдық округінде 15 мың гектардай егістік жер болса, соның 5,7 мың гектарына «Стан» серіктестігі дән сеуіп отыр. Қанат Жаңабайұлы биылғы астықтың шығымдылығы жоғары екенін айтты.
-Аздаған күнбағыс алқабын айтпағанда жиын-терім түгел дерлік аяқталды. Биыл 5,5 мың гектар жерді игердік. Оның 500-інен мал азықтық дақылдар жиналса, қалғаны майлы, дәнді дақылдар мен бұршақ. Биылғы шығымдылық жоғары. Дәнді дақылдардың берекелігі орта есеппен гектарына 28,5 центнерден, майлы дақылдар 16, жасымық пен бұршақ 14 центнерден айналды. Қолайлы ауа райын пайдаланып, төкпей-шашпай жинап алған егіннің сапасы да жоғары. Ауылдағы ағайынның табысы астықтың молдығына байланысты ғой. Бір қиыны биыл өніміміз нарықта төмен бағаланып жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда шамамен 40 пайызға төмен, — деген диқан қамбалар астыққа толғанымен нарық бағасы құлашты кең сермеуге мүмкіндік бермей отырғанын айтты.
Алайда ауыл шаруашылығындағы тәуекелдер мен тосқауылдарға қарамастан Қанат Бекенов шаруашылықты аяққа нық тұрғызып, қолға алған жұмысты абыроймен атқарып келеді. Ол жетекшілік еткен 2010 жылдан бастап «Стан» серіктестігіндегі техниканың 80 пайызы жаңарған. Су жаңа шетелдік тұқым сепкіштер, тракторлар мен комбайндар сатып алынған.
Өсімдік шаруашылығы бір қарағанда табысты кәсіп болып көрінгенімен қауіп-қатері көп. Жоғары сапалы өнім алу үшін соған сай шығындалып, агротехника ережелерін қатаң ұстану керек. Астықтың пісуін тежейтін аурулар мен зиянкестер жетерлік. Жерге тыңайтқыш сіңірусіз бидай сабағы ауырламайды. «Стан» серіктестігінде мұның бәрі жолға қойылған. Мұндағы алқаптардағы дәрілеу жұмыстары жаз ішінде бірнеше рет жүргізіледі. Тыңайтқыш та жеткілікті мөлшерде енгізілген. Мұның бәріне жаңбырлы жаз оң әсер етіп, егін бітік шыққан.
Ауыл маңындағы мыңдаған гектар алқапта бидай мен арпадан бөлек дәнді, майлы, бұршақты дақылдардың небір түрі өседі. Мұның бәрі ойластырылған ауыспалы егістік пен әртараптандырудың арқасында мүмкін болып отыр. Ауылда тұратын әр адам өзінің 6,2 гектар жерін серіктестікке сеніп тапсырған. Пай иелері жыл сайынғы табыстан өз үлесін алып келеді.
Қанат Жаңабайұлы астықтан бөлек мал шаруашылығына да зор көңіл бөлуде. Серіктестікте 300-ге жуық қара мал мен 90 бас жылқы бар. Бірнеше жыл бұрын етті бағыттағы ангус тұқымды ірі қара әкелініпті. Шаруашылықтағылар өздері тұқым алмастырып, бүгінде етті бағыттағы сиырларды бағып отыр. Бие саны да жыл сайын артып келеді. Осының бәрі ауыл халқын жыл он екі ай жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде. Шаруашылықтағы жұмыстың бәрін ауыл адамдары атқарады. Қанат Бекеновтің өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын қызметкерлерге сенімі жоғары. Ерінбеген адамға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Шаруашылық қызметкерлері үшін ақысы төленетін еңбек демалысы, жыл соңында берілетін қосымша жалақы, үздіктерге сыйақылар бар. Одан бөлек күзде әр адамға 10 орама шөп тегін беріледі. Қызметкерлер мен осында тер төккен зейнеткерлер үшін шөптің орамасы 4 мың, жемнің тоннасы 30 мың теңгеден түсіріледі. Серіктестік көмегіне халықтың да бойы үйренген. Мал азығы азайса асықпай осында өтініш айтып келіп жатады. Еңбек адамдары үшін ыстық тамақ құны небәрі 100 теңге. Мұндағы механихаторлардың орташа жалақысы 280 мыңның маңайында. Тәжірибелі мамандардың еңбекақысына қосымша ақша қосылады. Механизатор 3 жыл адал еңбек етсе 2 санаттағы, кейін тағы 2 жыл қабілетін көрсетсе 1 санаттағы маман атағын ала алады. Жиын-терім кезінде комбайншылардың табысы артады. Мысалы мұнда аянбай тер төгіп 20 күнде 2 млн. теңге ақша алған еңбек адамдары да бар екен.
Кәсіпкер шаруашылықты өрге сүйреп қоймай ауылды көркейтуге де себепкер болып келеді. Оның қолдауының арқасында 200 үйлі ауылдың тұрмысы түзелген. Жыл сайын серіктестік жетекшісі табысының бір бөлігін осы бақытқа жұмсап, ел игілігіне жарайтын жобаларды іске асыруда. Бүгінде Афонькинодағы үйлердің 85 пайызына су тартылған. Жолдар да ретке келтірілген. Мектеп оқушыларына ыстық тамақ тегін беріледі. Жөнделген Мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттары да серіктестік есебінен жасалыпты. Елді мекен іргесінде таза су резервуары салынып жатыр. 2019 жылы медициналық пукт шаруашылықтық қаражатына жөндеуден өткен. Енді жұртшылық медициналық көмекке жүгіну үшін шалғайға қатынамайды. Бүгіндері Қанат Бекенов осындағы сауда орталығын жөндеуді қолға алған. Оған орта есеппен 150 млн. теңге қаражат керек. Ғимараттың бір бөлігі той-жиын өткізілетін дәмханаға айналса, екінші қанатында дүкен жұмыс істейтін болады. Жаттығу залы мен қонақүй ашу да жоспарда бар. Қонақүй жазда уақытша жұмыс істеуге келетін жұмысшылар мен жақын маңдағы шекарада қызмет ететіндерге керек екен. Одан бөлек ауылда оңтүстіктен қоныс аударған 2 отбасы тұрып жатыр. Оларға арналған баспана мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынған. Шаруашылық ауыл көшелері мен кіреберіс жолды тазалауды өз міндетіне алған.
Соңғы уақытта ауыл маңындағы қаңырап тұрған ғимараттар да қайтадан пайдаға аса бастаған. Машина-техникалық шеберхананың ішіндегі жұмыс қыста да қызу. Жөнделген тағы бір ғимараттың ішінде кеңсе мен асхана жұмыс істеп тұр. Шаруашылық нысандары ортақ жылу желісіне қосылып, жаңа қазандықтан жылытылады. Сабанмен жағылатын жаңа қазандықтың қызуы мен тиімділігі жоғары.
Мұндай табысқа жету жолында мемлекеттік қолдаудың да тигізген септігі мол. Ауыл шаруашылығы техникасының бәріне субсидия төленген жылдары машина паркі біршама жаңарған. Қанат Жаңабайұлы тұқымға, тыңайтқыш пен химиялық препараттарға бөлінетін субсидия шаруаларға айтарлықтай қолдау екенін жеткізді.
-Еліміздің барлық жетістігі тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды. Соған шүкір етуіміз керек. Президентіміз ауылға қолдау көрсету кезек күттірмейтін мәселе екенін айтып келеді. Мен Афонькинода тұрамын. Кәсіпкердердің демеуінсіз елді мекендердегі мәселелерді шешу қиын. Дамуға мүмкіндігі жоқ ұсақ шаруашылықтар қаншама? Мыңдаған гектар егістігі бар диқандар төсін еміп отырған жерге пайдасын тигізсе ауылдардың күйі бүгінгідей аянышты болмас еді. Біздің әлеуметтік нысандарға көмек беріп, инфрақұрылымға көңіл бөліп жүргеніміз де содан. Өңірде бұл жағынан үлгі алуға тұрарлық азаматтар бар. Шаруалардың мемлекет алдындағы міндеті салық төлеумен ғана шектелмеуі керек. Халықтың жеріне әркім иелік етпеуі тиіс. Елге, жерге жаны ашитын, ауылды гүлдендіруге асық жандарға мемлекет тарапынан қолдау көп көрсетілсе құба-құп,- дейді серіктестік басшысы.
Диас АЯҒАН