ҰЛТЫ НЕМІС БОЛСА ДА, ЖАНЫ ҚАЗАҚ

Авторы: Qyzyljar News

       Саналы ғұмырында “Қазақтың қуанышы – менің қуанышым” деп өткен қабырғалы қаламгер, көрнекті аудармашы, жерлесіміз Герольд Бельгер тірі болғанда биыл 90 жастың төріне көтеріліп, өңірімізде мерейтойлық шаралар өтіп жатар еді. Ақтық демі қалғанша қазаққа, жазу өнеріне деген адалдығынан танбаған жазушы ғұмырының сәулелі сәттерін әдебиет әлеміне бағыштады.

Г.Бельгер 1934 жылы 28 қа­занда Саратов облысындағы Эн­гельс қаласында дүниеге кел­ген. 1941 жылы ол ата-анасымен бір­ге неміс ұлтының өкілі ре­тінде Қа­зақстанға жер аударыл­ған. Ол Солтүстік Қазақ­стан об­лысындағы қазақ ауы­лын­да өсті. Осында қазақ тілін же­тік мең­геріп шықты. Абай атын­дағы Қазақ мемлекеттік пе­да­гогика­лық институтының фи­ло­логия факультетін бітіріп, ең­бек жолын Жамбыл облысында­ғы орта мектепте орыс тілі мен әде­биетінен сабақ беруден бас­та­ды. 1971 жылы Қазақстан Жа­зу­шы­лар одағына мүшелікке қа­был­да­нып, ұлт әдебиетінің та­сын өрге дөңгелетуге сүбелі үлес қос­ты. Қазақстан Респуб­ликасы Жо­ғарғы кеңесінің депу­таты, неміс мәдени қоғамы Ал­маты қала­сын­дағы бөлімше­сінің төр­­ағасы, Қазақстан немістері кеңе­сінің мү­шесі және Қазақстан Рес­публи­касы Президенті жа­нын­дағы Мем­лекеттік саясат жө­нін­дегі ұлттық кеңестің мүшесі се­кіл­ді жауапты қызметтерді де ал­ғау­сыз атқарды.

Герольд Бельгердің қазақ хал­қына деген махаббаты шы­ғарма­ларынан жарқын көрініс табады. “Қазақ тілін қарабайыр санайтын надандық бұлтын сейіл­ту үшін мы­наны еске алу артық болмас: егер бір ғана “Абай жолында” Әуе­зов 16983 сөз қолданса, ал Шекспир мен Байронның барша лексиконы 15 мың сөзді құрайды. Демек, қазақ әдебиетінің дә­мін көрмей жа­тып, әлемдік әде­биетке қол со­зу­дың өзі – ақымақтық”, – депті қаламгер бір ең­бе­гінде. Біз қазақ тілінің өте бай, ора­лымды еке­нін, тілге жеңіл, жү­реке жылы тие­тінін жиі айтамыз. Алайда Герольд Бельгер сияқты дәйекті мысалмен зерттеп, зер­де­леп айтқан жан аз. Жеті жасы­нан бастап қазақ ауылында өсіп, белгілі қаламгерлер Жарасбай Нұрқанов, Ермек Қонарбаевпен бала кезден етене жақын арала­сып, тұла бойына қазақылықтың көркем құнарын сіңіре алған жа­зушы қазақ әдебиетінің қоржы­нына алпыстан астам кітап сый­лады.

Бір шығармасында жазушы: “Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын. Менің рухани тірегім – Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Ай­мауытұлы, Мұхтар Әуезов. Қа­зақ тіліне үңілген сайын терең­дей түс­тім”, – деп мемлекеттік тілі­­міздің қадір-қасиетін ұқтыра ке­теді. Рухани тұтастық пен ұлтаралық татулық­ты ту ет­кен туындыгер қоғамдағы түйінді мә­селелерге де азаматтық үн қосты.

Жуырда “Abai.kz” ақпа­рат­тық порталынан Г.Бель­гердің жазу­шы-журналист Жа­расбай Сү­лей­меновке берген сұхбатын оқы­дым. Қа­ламгердің: “Абай бә­рін айтып кетті ғой. Соны біздің жастары­мыз біле ме? Үлкен кү­мәнім бар. Жас­тарды айтамыз, ға­лым­дардың өздері Абайды тү­сі­нуден қалып барады. Мен абай­тануға қатыс­ты еңбектерді жи­нап жүремін. Соларды оқып отырсам, Абай­ды қазақ қоғамы­ның санасына сіңіру далада қал­ған, қайта жылдан-жылға одан алшақтап барамыз. Басқаларға қатысты да осыны айтуға бола­ды. Құр ұрандай беру дұрыс емес. Ұлы­лардың сөзі, ұлылар­дың ойы – үлкен қазына, бүгінгі ұрпақ үшін бағдаршам іспетті. Соны меңгеріп, пайдалану ар­қы­­лы да біраз жерге баруға бо­лады деп ойлаймын”, – деген сөзі қа­зіргі жастарға қаратыла айтыл­ған­дай. Ге­рольд Бельгер Абай әлеміне де терең бойлап, Гете мен Абай туындыларының өзара үндесті­гін зерттеді. Оған жазушының “Абай мен Гете” зерттеу ең­бе­гіндегі: “Менің Абай­­ды тануым Ге­тені түсіну­ден басталуға тиіс сы­қылды еді. Қан­шама қазақша оқып, қазақ ауы­­лында өстім де­генмен, не­міс емеспін бе? Бірақ бәрі ке­рі­сінше болып шықты. Мен әуелі Абай арқылы Гетені тап­тым. Бұл ән­шейін ай­тыла сал­ған жыл­тырақ сөз емес. Басқа­сын былай қой­ғанда, Гете­нің әй­гілі “Жолау­шы­ның түнгі жыры” атты өлеңін мен әуелі Абайдың “Қа­раңғы түнде тау қалғып” де­ген өлеңін оқып барып, Лермон­тов­тың “Тау шың­дары” арқылы бойыма сіңі­ріппін”, – деген жол­да­­ры дәлел.

Жазушы тек қана қазақ тілін­де материалдар жазумен шек­телмеді. Қазақ қаламгерлерінің өзге ұлт өкілдеріне танылуы жо­лын­да да аянбай тер төкті. Ға­бит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұр­пейі­сов, Әбіш Кекілбаев, Дүкен­бай Досжан және тағы басқа жа­зу­шы­лар­дың шығармаларын орыс тіліне аударды. “Герольд Бель­гер­дей ірі талант, іргелі суреткер қайда да, қай заманда да еш­кімнің қолтығына сыймай­ды ғой. Дараланбай, саралан­бай тұра ал­майды”, – деп Қа­зақстанның халық жазушысы Әбіш Кекіл­баев­тың айтқан пікі­рінің өзі жерлесіміздің білгірлігін айқын­дайды.

Ауыл – қазақы тәрбиенің ме­кені. Герольд Бельгер де қазақ ба­лаларының ортасында ер жет­ті. Содан болар, оның шығарма­ла­рының бірқатары ауыл тұрмы­сына арналған. Жазушының қа­зақтың нағыз жанашырына ай­на­луына әкесі мен анасының ық­палы зор болды. Әкесі Карл Фрид­ри­хович үлкенге де, кішіге де шынайы ықыласпен қарай­тын. Ауылдағы сырқат жандар­дың денсаулық күзет­шісіне ай­налған оны үлкен де, кіші де қам­қор тұтты. Қатты ауырғандарды аудан ор­та­лығына апару үшін машина та­былмаса, трактормен өзі алып кете беретінін көзкөр­ген­дердің есте­лік­терінен оқы­дық. Одан өзге, Карл Фридрихо­вичтің скрип­ка тартатын өнері болған. Оның зайыбы Анна Да­выдовна болса ел арасында сондай бай­салды, ақылды да байыпты әйел атанған.

Кішкентайынан қазақ ауылы­ның тұрмысын көріп өскен жазу­шы есейгенде көңіл көкжиегінде сақталған оқиғаларды қағаз бе­ті­не түсіріп, ойлы оқырманға ұсы­на білді. Оның ауыл адамдары­на айтқан сыны да орынды. “Мал ұс­тамаған соң ауылда тұ­ру­дың не керегі бар? Баяғы апа­ларымыз күмпілдетіп пісіп жата­тын қы­мыз, май-қаймақ қайда? Әр үй­дің шо­шаласында жайы­лып тұ­ратын құрт қайда? Мен мұны өз тама­ғымды ойлаған­дық­тан ай­тып отырған жоқпын, ауылдағы ағайынның жағдайы жақсарса екен деген тілек қой менікі”, – дей­ді бірде. “Ауыл – қазақтың алтын бесігі ғой. Бүгінгі ауылдың жағ­дайын әркім әртүр­лі түсіндіріп жатыр ғой. Кім не десе де, мен үшін ауылдың қа­зіргі жағдайы трагедия. Мен өзімнің азамат ре­тінде қалыпта­суы­ма үш жағдай – ата-анам, ауылым және кітап әсер еткенін ұдайы айтып жүремін”, – деуінің астарында ауылда ер жеткен азаматтың тұтас миссиясы кө­рініс тапқандай.

Жазушының ел алдындағы адал еңбегі мен азаматтық ұс­танымы мемлекет тарапынан әділ бағаланып, ол Б.Майлин атындағы әдеби сыйлықтың, пре­зи­денттің “Бейбітшілік пен ру­хани татулық” сыйлығының лау­реаты және “Парасат”, “Достық” ордендерінің иегері атанды. Ма­қаламды қабырғалы қаламгер Әбіш Кекілбаевтың сөзімен түйіндегенді жөн көріп отырмын. “Қазақ әдебиетіндегі Бельгер соқ­пағы да уақыт өте келе, күні-түні жүрісі тоқтамайтын нағыз күре жолға айналғанын көріп отыр­мыз. Халықтар, қоғамдар, мә­де­ниеттер арасындағы жыл­дан-жылға жиілей түскен үн­қа­тысу­ларға үзбей атсалысып келе жат­қан, қайсарлана алға ұмтылып, қайраттана ой тол­ғаған айтулы азаматтың, кемел тұл­ғаның ас­қақ даусы барған сайы­н саңқыл­дай түсері анық. Ендеше, ол өл­мейді. Өзі бол­маса, сөзі мәңгі өш­пес өмірмен бірге жасай бер­мек”. Ғұмырын қазақтың бақыт­ты болашағына арнаған жазу­шы­ның ұлтты сүй­ген ұлы жүрегі халқымызбен бір­ге жасай бермек.

Самал БАҚТЫБАЕВА, облыстық олимпиада резерві мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz