Мәскеу қаласында өткен «Inclusive Dance» халықаралық фестиваль-байқауында петропавлдық «Sensitive» би театры бас жүлдені иеленді. Жерлестерімізді айтулы жеңісімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.
– Би театрының жетекшісі Ольга Ростовщикова мен ансамбль мүшелерін лайықты жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Дарынды жеткіншектер шығармашылықта шек жоқ екенін, сахнада жарқырауға әркімнің де қабілеті бар екенін дәлелдеді. Сіздердің жұмыстарыңыз, табандылықтарыңыз бәрімізді шабыттандырады. Бұл жеңіс биікке талпынған жандар үшін мүмкін емес ештеңе жоқ екенін дәлелдеді. Жарайсыңдар, біз әрқайсыңызбен мақтанамыз! Алда тек жаңа биіктер, бұдан да көп жетістіктер болсын! –деп жазды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов «Телеграмм» әлеуметтік желісінде.
Өнерпаздардың қатысуымен өткен байқау биыл 12-ші рет ұйымдастырылды. Фестиваль бағдарламасына сәйкес үміткерлердің өнері он екі бағыт бойынша сараланды. Сыннан сүрінбей өткен жерлес бишілеріміз үш бағыт бойынша жеңімпаз атанды.
«Sensitive» би театрының жетекшісі Ольга Ростовщикованың айтуынша, жерлестеріміз «Заманауи хореографиялық дуэт», «Балдық би», «Заманауи би» аталымдары бойынша қазылар мен көрермендерді тәнті етті. Байқаудың ақтық кезеңінде талантты бишілеріміз «Абай жаны» хореографиялық қойылымымен жеңіске жетті.
Бұл фестивальге 700-ден астам өнерпаз қатысқан. Ал Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының жанындағы «Sensitive» би ұжымынан 11 өнерпаз аттанған. Топ жетекшісі байқау аясында ресейлік хореографтардың қатысуымен шеберлік сабақтары ұйымдастырылғанын, осылайша бишілерге жаңа техникаларды меңгеріп, мол тәжірибе жинауға мүмкіндік туғанын атап өтті.
Рабиға ЕРАЛЫ