Көп жыл бойы облыс орталығында жерлеу рәсімдерімен алаңсыз айналысып келген жеке кәсіпкер Вадим Приходченко мен жұбайы Юлияны және кәмелетке толмаған ұлы Юрийді асқан қатыгездікпен жан тәсілім еткен қанышерлерге қатысты үкім шықты. Отбасының артында аңырап қызы қалды.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айдарбек Бекқужинов оларға қатаң жаза кесіп, үшеуі де өмірлерінің көп бөлігін абақтыда өткізетін болды.
Былтыр жаңа жыл қарсаңында бүтін отбасының мүшелері үйлерінде өлі күйінде табылып, бұл оқиға қоғамда үлкен резонан тудырған еді. Тәртіп сақшылары қанды оқиғаның ізін суытпай ашып, үш адамды бауыздап кеткен адам тектес хайуандар тез-ақ құрықталған. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылып, қылмыстары бұлтартпас айғақтармен дәлелденсе де, олар бір-біріне кінә артып, жауапкершіліктен сытылып кетуге тырысқан. (Ол туралы газетіміздің 10 қазан күнгі санында «Бір-біріне кінә артып әлек» деген тақырыппен жарияланған мақалада толық баяндалған.)
Қылмыстық кодекстің 28 бабының 4 тармағы және 99 бабының 1, 7 тармақтары бойынша айып тағылған Ирина Скоробогатова өз кінәсін мойындаған жоқ. Қаза тапқан отбасымен жақсы қарым-қатынаста болғанын, жәбірленуші тарап оны ақша үшін түрмеге отырғызғысы келетіндігін қайталаудан жалықпады.
-Жәбірленуші тарап көрсеткен шығынды үшеуміз тең мөлшерде өтеуіміз қажет. Залалды айыпталып отырған үш адамның ішінде төлеуге менің ғана мүмкіндігім бар. Сондықтан олар менің де сотталғанымды қалайды. Аталған қылмысқа менің еш қатысым жоқ. Кінәсіз адамды бекерден-бекер айыптап отыр», — деді Ирина Скоробогатова.
26 жастағы Данил Орлов өзінің ешкімді өлтірмегенін, аталған қылмысқа Сергей Емельяновтан қорыққандықтан барғандығын айтып, ант-су ішті. Жарыссөзде оның кекештігін, тұйықтығын және адамдармен тез тіл табыса алмайтындығын бетіне басқан Емельянов пен Скробогатованың қорғаушысы «үндемегеннен үйдей бәле шығады» деп оны қанішерге да теңеді.
Керісінше, Сергей Емельяновтың ерекше белсендіділігі, еркіндіктен гөрі тым есерсоқтығы сотқа қатысушыларды таңырқатып қана қоймай жағасын ұстатты. Орловтан жауап алынып жатқанда оған былапыт сөздер айтып, шу шығарып, ақыры сот залынан қуылып тынды. Ол да ешкімді өлтірмегендігін айтып ақталуға тырысты.
Мемлекеттік айыптаушы екеуіне Қылмыстық кодекстің 99 және 192 баптары бойынша айып тағылғанғанын айта келіп, Сергей Емельянов пен Данил Орловқа өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын, ал Ирина Скоробогатованы 15 жылға соттауды сұрады.
Сот Сергей Емельяновты өмір бойына бас бостандығынан айырды. Данил Орлов 21 жыл сегіз айға темірторға қамалады. Ирина Скоробогатова Қылмыстық кодекстің 434 бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны, яғни аса ауыр қылмыс жасалғанын біле тұра ол туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан шектелді. Оның бұрын сотты болмағаны ескерілді. Сондай-ақ Емельянов пен Орлов жәбірленуші тарапқа моральдық шығынды өтеуі тиіс. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Өмір ЕСҚАЛИ.