АЗАМАТТЫҚ ПІКІРІНЕН АЙНЫМАҒАН АҚЫН

Авторы: Qyzyljar News

         М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің       «Асыл мұра» орталығы мен Қозыбаев университетінің ұйымдастыруымен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зейнолла Әкімжановтың «Замана шам-шырағы» кітабының тұсаукесері өтті. Аталмыш іс-шараға ақынның көзін көргендер, туыстары, зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты.

– Зейнолла Әкімжановтың шығармалары негізінде құрастырылған «Замана шам-шырағы» жинағы – ұлттың өткені мен болашағының мәселелерін қозғап, ғасырлар дәуіріндегі рухани құндылықтардың маңыздылығын көрсететін кітап. Бұл жинақ ел тарихын зерделеуге, оған жаңаша көзқараспен қарауға үлкен үлес қосатын еңбек деп білемін, – деді жиынды ашып берген облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың Құрметті профессоры Кемел Оспанов.

Жиын барысында ақынның ауылдасы, ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев, жазушы, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат, «Қызылжар – Ақпарат» ЖШС-ның директоры Ербақыт Амантай, немере інісі Арыстан Әкімжанов, Қазақстанның құрметті журналисі Өмір Есқали сөз алып, Зейнолла Әкімжановтың шығармашылығы мен даралық келбеті туралы естеліктерімен бөлісті. Жерлесі Жапар Төлегенов игі іс-шарада айтылған естеліктерді қағаз бетіне түсіріп, болашақта жинақ шығаруды ұсынды.

– Зейнолла – шындықты ұран етіп өткен ақын. Өзінің шынайылығымен қатарынан ерекшеленіп тұратын. Қолымыздағы «Замана шам-шырағынан» басқа да еңбектері екі том болады. Азаматтық пікірінен айныған кезі болмаған бауырымыздың аты ешқашанда өшпейді. Уақыт өткен сайын жандана түсетініне сенімдімін, – деді академик Зарқын Тайшыбай.

Облыстың құрметті азаматы Серікбай Құсайынов, Арыстан Әкімжанов пен айтыскер ақын Жарқын Омаров кітаптың тұсауын кесіп, жүрекжарды лебіздерін айтты. Сонымен қатар «Замана шам-шырағына» енгізілген дүниелер мен әкесі Рамазан Әкімжановтың суреті облыстық тарихи-өлкетану музейіне табысталды.

Самрат ҚҰСКЕНОВ.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz