Облыс орталығында тұтынушылар құқығын қорғау бойынша халықты ақпараттандыру жұмыстарының нәтижесі туралы брифинг өтті. Онда облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы мен «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанна Биянат тоғыз айдағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Қанат Жеңісбекұлының сөзінше, департамент үш тоқсан ішінде 368 өтінішті қараған. Шағымдардың көбі электронды және бөлшек саудаға қатысты түскен. Департамент мамандары тұрғындарға 5,3 млн. теңге қаражатты қайтаруға көмектескен.
-Тоғыз ай ішінде сауда қызметін реттеу туралы заңнаманы бұзғаны үшін 125 кәсіпкерлік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 124 бизнес субьекті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнын межеден асырса, біреуінде сөредегі және чектегі тауар бағасы әртүрлі болып шыққан. Мемлекет есебіне жалпы сомасы 895 мың болатын 12 айыппұл өндірілсе, қалғандарына ескерту берілді, – деді департамент басшысы.
Тұтынушылар құқықтарын қорғауды жетілдіру және ішкі нарықты қорғау үшін Мәжіліс қабырғасында «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» туралы заң жобасы қаралып жатыр. Депутаттар тарапынан қолдау тауып, бірінші оқылымнан өткен заң жобасы бизнестің жауапкершілігін арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғауға, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерінде үкіметтік емес ұйымдардың рөлін күшейтуге бағытталған.
Бұған қоса уәкілетті органның бастамасымен «Сапалы өнім» жобасының жол картасы қабылданған. «Сапалы өнім» жобасының негізгі міндеттері – адал бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасау, сондай-ақ тұтынушыларды ішкі нарықтағы қауіпті және сапасыз өнімдерден қорғау үшін отандық өндірушілерге қолдау көрсету. Жоба ішкі нарықтағы бәсекелестікті арттырып, отандық өнімнің сапасының артуына ықпал етпек. Оның аясына үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер мен жекелеген адамдар қандай да бір өнімді зертханалық тексеруден өткізуге бастамашылық ете алады. Егер техникалық регламенттер бұзылған болса, мемлекеттік органға өтініштер жіберіледі.
Жыл басында Сауда және интеграция министрлігі «Ақпараттық қызметтер көрсету арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халықпен ақпараттық-ағарту жұмысы» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаған. Бұл жұмыс Қазақстанның барлық өңірлерінде, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жүргізіледі. Оның алдын ала қорытындылары туралы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Маңғыстау қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанна Биянат баяндады.
–Біздің мақсатымыз тұтынушыларды тауардың сапасы, жүргізілген зерттеулердің нәтижелерімен ақпараттандыру. Оның нәтижесінде әр өңірде тауар үлгілеріне акредиттелген ұйымдар сараптама жүргізіп, талапқа сай болуына талдау жасады. Солтүстік Қазақстан облысында 56 тауар түрі сатып алынып, тексеруге жіберілді. Мамандар өнімнің микробиологиялық, физика-химиялық көрсеткіштеріне, құрамындағы май қышқылдарына, жануарлар ДНК-сы мен ГМА-ның болу-болмауына мән берді. Өкінішке қарай, көптеген өнімдер қаптамадағы сипаттамасына сай болмай шықты. Тауар туралы толық ақпаратты жазбағандар да болды. Біз әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерінен бөлек кәмпит, торт, сусын, шұжық, йогурт, соус, тәттілер мен балаларға арналған және тұрмыстық тауарларды зерттеуге жібердік. Сонымен қатар тұтынушылардың өтініші бойынша тұрмыстық техниканың да сапасын сыннан өткіздік. Нәтижесінде 56 тауардың 16-сы ғана техникалық регламент талаптарына сай екені анықталды, – дейді ұйым өкілі.
Диас АЯҒАН