Елорда төрінде өткен «Red Fest» атты халықаралық робототехника сайысында солтүстікқазақстандық команда бақ сынады. Дода Астанадағы Әл-Фараби атындағы республикалық оқушылар сарайында өтті.
– МағжанЖұмабаев ауданындағы Батыр Баян атындағы мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Жандос Тілағанов «Робосумо DIY» санаты бойынша Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды. Оның алдында ел құрамасы сапында Қазақстанның намысын қорғау міндеті тұр, – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Дарындардың шеберлігін шыңдау, ой ұшқырлығын арттыру мақсатында өткен шараға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Өзбекстан мен басқа да елдерден үміткерлер қатысты. Бұл дода тәжірибе алмасуға және заманауи инженерлік жетістіктерді көрсетуге мүмкіндік берді.
Фестиваль аясында робототехника және виртуалды әлем бойынша педагогтарға арналған шеберлік сабақтары да ұйымдастырылғанын айту қажет. Балалар 3D модельдеу мен шығармашылық белсенділіктері бойынша бірегей квестте өз күштерін сынады.
Рабиға ЕРАЛЫ