«Әділет және өркендеу» қоғамдық қорының бастамасымен өткен «дөңгелек үстел» басына медициналық сақтандыру қорының, денсаулық сақтау, еңбек ұтқырлығы орталығының өкілдері және еңбек инспекциясының мамандары жиналып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі және оған жарна төлемеген азаматтардың құқықтары жайында әңгіме өрбітті.
-МӘМС жүйесі ел бойынша өзекті проблемаға айналып отыр. Әсіресе, ауыл адамдарының жарна төлеуге мүмкіндіктері жоқ. Қолдағы деректерге қарағанда, бұл санаттағылардың саны 85 мыңға жуық. Оның ішінде жұмыссыздар саны–12 мың. Сонда қалған азаматтар не үшін сақтандырылмай отыр деген сауал туады. Жарнаны төлемей отырған кімдер? Мәселені бірігіп талқылаудағы мақсат–Мәжіліс депутаттарына хат жолдап, Үкіметке ұсыныстар беру, –деді «Әділет және өркендеу» қоғамдық қоры облыстық филиалының жетекшісі Жанат Мұхамеджанов.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Айнагүл Дәулетшинаның пікірінше, сақтандырылмағандардың басым бөлігі–ауылдықтар. Сондықтан адамдарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қажеттілігін түсіндіру аса маңызды. Олардың арасында Д, Е санатына жататын тұрмысы төмен, аз қамтылған жандар баршылық. 2025 жылдан бастап сақтандыру төлемдерін төлеу жергілікті әкімдіктер құзырына берілетін болады.
Өңірде 47 мың ауыл тұрғыны МӘМС жүйесіне тіркелмесе, 11 мың адам мүлдем жарна төлемеген. Төрт мың адам өз-өзін жұмыспен қамтығандар қатарында.
Рабиға ЕРАЛЫ