181
Шынымды айтсам театр десе ішкен асын жерге қоятындардың санатынан емеспін. Ойын-сауық, той-томалақ, күн құрғатпай өтіп жататын жиындарға да уақыт табыла бермейді.
Кеше облыстық драма театрының сахнасында қойылған «Жәңгір хан» спектакліне баруыма екі себеп түрткі болды. Біріншіден, Жәңгір хан сияқты өмір жолы қарама-қайшылыққа толы қазақ тарихындағы кесек тұлғаның бейнесі төңірегінде жауабы табылмаған сұрақтар да, жұмбақ жайлар да көп. Спектакль шымылдығы жабылғаннан кейін де Жәңгір хан қазақ қоғамына жаңашылдық енгізген реформатор ма, әлде Ресей патшасына Исатай мен Махамбет көтерілісін жаншуда қызмет еткен, мүддесі Бөкей ордасындағы өз тағынан аспаған жай ғана қатал билеуші ме деген сұрақ қалады.
Екіншіден, Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театры ғана емес, жалпы еліміздің өзге өңірлерінен теріскейде жатқан бізге өнер ұжымдары сирек келеді. Тіпті Қазақстанда Солтүстік Қазақстан облысы барын, бұл біреулер айтатындай әлдекімдердің «солтүстік қақпасы» емес қазақ жері екенін ұмытып кеткендей.
Қызылжарға келіп кетіп жатқандар негізінен өзге аймақтардағы өз отандастарымыз емес, көршілес Ресей облыстарының өкілдері. Спорт болсын, мәдени, кәсіпкерлік, экономикалық, рухани сала болсын, әйтеуір ресейлік көршілеріміз бізді «сағындырмай» ат ізін жиі салып тұрады. Бейне бір Қазақстанның өзге өңірлерінен ажырап қалғандаймыз.
Сондықтан Батыс Қазақстан облыстық театрының бұл сапары сананы бір серпілтіп, біртұтас қазақ елі екенімізді еске салғандай болды. Алайда әдетте тегін қойылымдарда халық симай қалатын театрдағы орындардың жартысынан астамы бұл жолы бос тұрды. Келгендердің дені әр түрлі ұлттан құралған жастар болды. Көрермендер бос орындардың әр жеріне тарыдай шашылп жайғасып, алдыңғы қатардағы орыс студенттер құлақшаны іліп алып спектаклдің аудырмасын тыңдап отырған сияқты. Олардың не түсінгені, не әсер алғаны белгісіз.
Той десе қу бас домалайды дейтін қазақ ойын-той десе делебесі қозып кетеді. Алла өзі кешірсін, қаралы үй марқұмның рухына деп мейрамханада ас берсе де қарғадай қаптап кетеді. Еш туыстығы, қатысы жоқ көлденең көк аттылар да отырады сол астарда.
Ал қазақ театрына халық неге аз барады? Өзімше бұл сұраққа жауап іздеп көрдім, бірақ нақты бүр тұжырымға келе алмадым. Мүмкін, батысқазақстандық театр ұжымының қонақсапары туралы көпшіліктің құлақтанбағанынан шығар? Немесе, театр қойылымдары кестесінің қоғамдық көлік қозғалысы уақытымен үйлестірілмегеніне болар?
Шынында да, кешкі жетіде басталатын қойылымдардан сағат тоғызға қарай шыққан көрермендер қарсыдағы аялдамаға келгенде автобус жүрісі тоқтап қалады. Бұл, әрине ыңғайсыз Бірақ бұл негізгі себеп емес. Аллаға шүкір, қазір екінің бірінде көлік бар, Бұрынғыдай он шақырым жердегі көрші ауылға Алматыдан концерт келіпті десе арбаға тиеліп баратын кез емес.
Басты себеп бүгінгі қоғамда шынайы өнерге деген жоғары талғамның орынын арзан ойын-күлкіге, мәнсіз жиын тойға құмарлық, бойкүйездік басып бара жатқанында сияқты. Әйтпесе, сонау батыстан шалғайда жатса да өз қазағымның бір өлкесі деп қанаттанып келіп отырған өнерпаздардың көңілін тұнжыратпас едік қой…
Марат Ермұқанов