Облыс орталығында ұлттық аспабымызды насихаттап, домбарада ойнауды үйрететін шығармашылық орталықтар саусақпен санарлықтай. Солардың бірі – «Алаш» музыкалық студиясы.
Жұмыс істеп жатқанына бірер жыл ғана болған музыкалық студияның негізін Мөлдір Тілейханқызы қалаған. Ол – Бескөл ауылының тумасы. Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжін тамамдап, Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияда білім алған. Консерваториядан кейін туған жерге оралып, жеткіншектерді өнерге баулуда.
– Петропавлға оралғаннан кейін жұмыс іздей бастадым. Сегіз сері атындағы ұлт аспаптар оркестріне шақырды. Бүгінде сол оркестрдің құрамында өнер көрсетемін. Студент кезімде түрлі студияларда сабақ беретін едім. Бұл жұмыс жаныма жақын. Сондықтан ұстаз болғым келді. Алайда білім ордаларында мұғалімдікке бос орын болмады. Сөйтіп жеке студия ашуды ойластырдым. Бүгінде аталмыш студияда жеткіншектерге өнер колледжінің түлегі Әлихан Қуандық сынды әріптесім де тәлімгер, – дейді Мөлдір Тілейханқызы.
Бұл студияда домбыра, гитара, фортепиано, вокал сабақтары өтеді. Жалпы ұжымда 6 ұстаз шәкірт тәрбиелейді. Шығармашылық үйірме жұмыс істеген уақыттан бері тұрақты түрде келетін шәкірттер де бар. Мөлдір Тілейханқызының айтуынша, өзінің 20 шәкірті бар. Одан бөлек домбырада ойнауды басқа да адамдарға үйретеді. Ұлттық аспапты үйренуге қызығушылық танытқандардың ең кішісі – 5 жаста, ал үлкені 65-те екен.
– Маған бірде домбыра үйренуге 70-тен асқан бір әже келді. Оған дәрігер есте сақтау қабілетін қалпына келтіруі үшін тоқумен айналысу немесе домбырада ойнауға кеңес берген екен. Күнделікті өмірде біз барлық саусағымызбен жұмыс істей бермейміз. Ал домбырада ойнағанда әр саусақ қимылдайды. Тағы бірде зейнеткер келді. Ол кісінің бас бармағы мен сұқ саусағы икемге келмей, бүгілмей қалған екен. Сөйтіп белгілі бір уақыт домбыра тартып, дертінен құлан таза айыққаны бар, – дей келе Мөлдір Тілейханқызы музыкалық аспапты үйрену үшін ниет болуы керек екенін айтты.
Бүгінде білікті жетекшінің арқасында «Алаш» домбырашылар ансамблі құрылғанын айтып өту қажет. Мектеп оқушыларынан құралған топтың құрамында 7-9 жастағы балалар бар. Қоржында «Жастар биі», «Нәр ағашы», «Тепеңкөк», «Секіртпе», «Келіншек», «Кеңес» күйлері мен «Еркем-ай» әнін жас дарындар шебер орындайды.
Студия оқушылары түрлі байқауларға қатысып жүлделі орындардан көрінуде. Үстіміздегі жылдың наурыз айында Данил Гурский “Дебют” атты облыстық жас музыканттар байқауында 3 орын алса, Алихан Саян Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына арналған республикалық байқауда 1 орынды қанжығасына байлаған. Сондай-ақ, мамыр айында Сыдық Мұхаммеджановтың 100 жылдығына арналған республикалық байқау өткен болатын. Аталмыш іс-шарада Данил Гурский, Дамира Басыбаева бас жүлдені жеңіп алса, Алихан Саян, Аделя Берік 1 дәрежелі лауреат атанды.
– Бүгінде «Дала әуені» халықаралық байқауына дайындалудамыз. Берген біліміміздің нәтижесін көрсету мақсатында шағын концерттер де ұйымдастырамыз. Оқушыларымның жетістігін, ата-аналардың ризашылығын көргенде өзім де шабыт аламын. Білгенімді балаларға үйреткім келеді. Бір жақсысы, шәкірттерімнің ата-аналары да қажет болған жағдайда қолдау көрсетіп, балалардың қызығушылығына жауапкершілікпен қарайды. Бұл бала үшін өте маңызды, – дейді Мөлдір Тілейханқызы.
Рабиға ЕРАЛЫ