Түске дейін төпелеп жауған аппақ ұлпа қар Қызылжар халқын әбігерге салды. Қолайсыз ауа райына байланысты облыста дауылды ескерту жарияланды.
Ұшқындап жауған қардың арты боранға ұласты. Салдарынан бірнеше ауданда жол жабылды. 6 қараша күні Есіл ауданында жергілікті атқарушы органдар жолды жабу туралы шешім қабылдады. Петропавлда таңертеңнен тоқтаусыз жауған қардың биіктігі түске таман кей жерлерде 10-15 сантиметрге жеткен.
«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, осындай ауа райы бірнеше күн бойы сақталмақ. Облыс аудандарының басым бөлігінде күндіз көктайғақ, бұрқасын болады. Тәулік бойы екпіні секундына 15-20 метрге, оңтүстігі мен шығысында секундына 30 метрге дейін жететін қатты жел тұрады. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті солтүстікқазақстандықтарға алыс сапарлардан бастартып, елді-мекендерден қашық балық аулау мен аңшылыққа бармауға шақырады.
Мамандар тұрғындарға барынша ғимарат ішінде болып, тұрғылықты жерден алысқа жол жүруді шектеуге кеңес береді. Жұртшылықты әуреге салған қолайсыз ауа райы кезінде қарттар мен балаларға ерекше көңіл аударып, олардың мекенжайын назарда ұстаған жөн.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті пеш жағу мен электр-газ құрылғыларын пайдаланудағы қауіпсіздік ережелерін еске салады. Егер қауіп төніп немесе төтенше жағдай орын алса, тәулік бойы жұмыс істейтін 112 телефон нөміріне жүгіну қажет.
ҚЫЗЫЛЖАРҒА ҚЫС ТҮСТІ
265