Облыс халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде шешімін күткен мәселе аз емес. Өңірдің 42,5 мың тұрғыны тіршілік нәрін тасып ішуге немесе жергілікті су көздерін пайдалануға мәжбүр.
Облыс прокуратурасында заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында осы мәселе тақырып өзегіне айналды.
Жиында белгілі болғандай, өңірдегі 42,5 мың тұрғыны бар 202 ауылда су құбыры жоқ, облыстағы бар су құбыры 35 пайызға тозған. Соның ішінде Петропавлда су беру желісі 58 пайызға, Ақжар ауданында 49 пайызға және Аққайың ауданында 43 пайызға ескірген.
Прокурорлардың айтуынша, сумен жабдықтаудың жекелеген көздері иесіз тұр, кейбірі санитарлық нормаларға сәйкес келмейді, суды тұтынуға бекітілген тарифтер жоқ. Сондай-ақ кей су беру нысандары сапасыз салынған, не болмаса жөнделген, кейбірінде қалпына келтіру жұмыстары ұзаққа созылып кеткен.
Жиында ауыз суды тұтынуды есепке алу қажеттілігіне де баса назар аударылды.
Талқылау қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға, табиғи монополиялар субъектілеріне және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына жағдайды жақсарту және облыстың әрбір тұрғынын сумен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар берілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ