Ел ертеңіне төнген қауіп

Авторы: Qyzyljar News

           Өңірде есірткіге тәуелділік- өзекті мәселелердің бірі. Аталған түйткіл облыс орталығында барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен кеңесде де айтылды. Онда облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов жыл басынан бері бізде 200-ге жуық есірткі қылмысы тіркелгені туралы айтты.

 — Жыл басынан бастап облысымызда 191 есірткі қылмысы тіркеліп, 573 келі заңсыз айналымдағы түрлі психоактивті заттар мен есірткі тәркіленді. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, өскелең ұрпақты улап жатыр. Бұл індетпен біріге күреспесек, ертең тым кеш болу мүмкін. Құқық қорғаушылармен бірге интернетте мониторинг жасау, хабарландырулар мен граффитилерді бояу бойынша шаралар өтіп жатыр. Жалпы 698 алдын алу шаралары өтіп, оған 37 мың мектеп оқушысы мен студенттер қатысты. 60 профилактикалық материал дайындалып, 19 билборд ілінді,-деді Жүсіп Жұмағұлов.

Былтыр Солтүстік Қазақстанда 528 адам арнайы есепте тұрса, биыл 498 адам тәуелділіктен арыла алмай келеді. Ең өкініштісі, оның ішінде 40 әйел мен 4 жасөспірім бар.

Жүсіп Жұмағұловтың сөзінше, бүгінде облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, тәуелтілікпен күрес бойынша жоспар бекітілген. Жоспарда түрлі форматтағы 90-ға жуық іс-шара өткізу қарастырылған. Ендігі ретте мұның бәрін аудан, ауыл деңгейінде жандандыру міндеті тұр. Бүгінде облыс орталығы мен Айыртау ауданында есірткі қылмыстарының ісімі байқалып отыр. Есіл, Аққайың, Тайынша аудандарында да жағдай мәз емес. Ал Мағжан Жұмабаев ауданында көрсеткіз 12-ден, 2-ге дейін қысқарған. Бұдан былай Қызылжарда есірткімен күрес бойынша аудан әкімдерінің рейтингі жасалатын болады. Онда тұрғындар арасында жүргізілген сауалнамалар мен қылмыс көрсеткіші есепке алынады.

  -Көптеген шаралардың тек  есеп үшін ғана өткізіле салатынын ашық айтуымыз керек. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы сылбыр. Сондықтан аталған саланы қаржыландыруды ұлғайтамыз. Елді мекендерде жастар ресурстық орталықтары, ардагерлер кеңесі, белсенділер мен кәсіпкерлер алдын алу шараларына қатыса бермейді. Ата-аналар тарапынан бақылаудың жоқтығы да мәселені шешуде кедергі келтіріп тұр,-деді облыс әкімінің орынбасары.

Ал облыстық полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы есірткіге қатысты 281 құқықбұзушылық тіркелген.  Профилактикалық бағыттағы 854 іс-шара өткізілді.

Есірткіге тәуелділіктен бөлек, есірткі таратушылардың да аяғына тұсау салынбай тұрғаны қынжылтады. Ең өкініштісі, бұған баратындардың көбі жастар. Ғаламтордағы жоғары табыс пен оңай жұмыстың жарнамасына еріп, бар өмірін күл-талқан ететіндер бар. Олар өзгенің өмірін ғана емес, өз болашағына да балта шауып жатқанын ұғу керек. Бұл да түптеп келгенде тәрбие мәселесіне барып тіреледі. Еңбек етіп, тер төгуге ерінетіндер осындай жұмыстардың жарнамасына еріп кетіп жатады. Мұндайлар өздерінің қылмыстық желінің мүшесіне қалай айналып кеткенін де түсінбейді. Ал бұл құрдымға бір кірген адамның қайта шығуы екіталай. Қылмыстың шырмауығы адамды байлап-матап, одан сайын кері тарта түседі.

Өңірде есірткі қылмысына қатысты ұсталыпп жатқандардың көбі жастар. Мысалы небәрі 22 жастағы есірткі таратушылардың бірі 40 мың теңге пайда үшін істі болып, күні кеше 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал бірнеше келі гашиш дайындап, әлеуметтік желі арқылы сатпақ болған 34 жастағы қала тұрғыны 11 жылға темір торға тоғытылды. Өткен айда 28 жасар тұрғыннан 1200 доза зиянды зат табылғаны белгілі болды. Бір апта бұрын 18 жастағы студенттен 1 грамм ұнтақ табылып, тұрғылықты жерінен 40 түйіншек тәркіленген. Департаменттің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Руслан Үмбетовтің сөзінше студент табыс тауып үлгерместен, қолға түскен. Енді оған 10-15 жыл аралығында жаза кесілуі мүмкін. Осылайша бірнеше грамм ұнтақ бүтін бір отбасына қасірет әкеліп, жастарды қылмысқа итермелеуде. Айта берсе, өңірде мұндай мысалдар жетерлік. Өмірдің тәтті-дәмдісін татпай жатып, түрмеге түсіп, бар жастық шағын қамауда өткізу ертеңгі ұрпақты ойландыруы керек.

Диас АЯҒАН

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz