Ауылдағы өмірді бүкпесіз жариялап, әлеуметтік желіде жылқышы қыз ретінде танылған Асыл Ахметова қазіргі уақытта Айыртау ауданындағы Лобаново елді мекенінде мұғалім болып еңбек етуде. Өмірге құштар бойжеткен биыл тұрмыс құрыпты. Жұбайы екеуі ауыл балаларына ұлттық ойындарды, соның ішінде садақ, жамбы атуды үйретіп жүр.
Жұртшылық кейіпкерімізді «тик-ток» желісі арқылы жақсы таниды.
-Үй шаруасымен айналысып жүрген сәттерімді видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге сала бастадым. Жазбаларымды қызыға қарайтындардың саны күн сайын арта берді. Кейін мініп жүрген жылқымды видеоға түсірдім. Сол бейнежазба көп адамдарға ұнады. Шөп, су тасып жүрген бейнежазбаларымды да қызыға қарайтындар көп. Мен оқырмандарға шынайы ауыл өмірін көрсетуге тырысамын», — дейді ол.
Асыл бес жасынан бастап атқа отырған. Жастайынан жылқы баққан әкесі қызының да атқа деген қызығушылығын арттыруға ықпал етіпті. Кейіпкеріміздің мектепте оқып жүргенде әкесінің орнына мал бағуға баратын кездері аз болмапты.
Жылқышы қыз қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалмауға тырысады. Оны түрлі концерттерге, «дөңгелек үстел» отырыстарына, форумдарға арнайы шақыратындар бар. Кейбір ұйымдастырушылар ән айтып беруін өтінсе, енді біреулері жастарға ұлттық өнерді насихаттау бағыттарын түсіндіруін өтінеді екен.
-Ұлттық спорт – қазақтың бренді. Оны қоғамда барынша насихаттап, балалардың қызығушылығын оятуымыз керек. Бұл біздің бір миссиямыз деп білемін. Балалар естігеннен гөрі, көргенін тез жадында сақтайды», — дейді ол.
Асыл түрлі форумдарға, республикалық іс-шараларға шақырту алған кезде негізгі жұмысының ақсап қалатынын жасырмайды. Мұндай сәтте ол шәкірттерін қосымша сабақтарға шақырып, күнтізбелік кестедегі тақырыптарды үйретуге тырысып бағады. Содан болар алғыр, ынталы оқушыларының қатары көбеюде.
Жылқышы қыздың әлеуметтік желідегі парақшасы отандастарымыздың ғана емес, шет елдегі оқырмандардың да қызығушылығын тудыруда. Асылдың бейнежазбаларын ерекше ынтамен қарап шыққан даниялық бойжеткен жуырда Қазақстанға келу туралы ұсынысын жолдапты. Қазақтың ұлан-байтақ даласын көрген шетелдік мейман таңданысын жасырмаған көрінеді.
Асылдың дүние жүзінің назарын қазақ жеріне аудартқан Көшпенділер ойынын Қазақстанда өткізу туралы ұсыныс айтқанын көзі қарақты жұртшылық жақсы біледі.
-Осыдан екі жыл бұрын Зерендіде өткен форумда Көшпенділер ойынын бізде өткізу туралы идеяны айтқан едім, шыны керек жоғары деңгейде өткізе аламыз ба деген ой болды. 2024 жылға дейін үлгереміз бе, қай қалада өтеді деген сұрақтар да мазалады. Бұл шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шаралардың барлығына дерлік қатыстым деп айтуға болады. Бойымды кернеген мақтанышты сөзбен жеткізе алмаймын», — дейді кейіпкеріміз.
Асыл қандай істе болмасын отбасының қолдауы қажеттігін жақсы біледі. Оның жұбайы да, ата-енесі де жылқы малын жақсы көретін жандар. Жуырда жан жары екеуі садақ ату үйірмесін ашыпты. «Балалар бос жүрмеуі керек. Еліміздің ертеңі саналатын өрендерде бос уақыт деген мүлдем болмаса деймін. Оларға жамбы атуды, аударыспақ ойынын үйретеміз. Енем кезінде қыз қуу ойындарына қатысқан. Білмегенімді үйдің үлкендерінен сұрап отырамын», — дейді жылқышы қыз.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ