Петропавлдағы «Көпес Янгуразовтың үйі» немесе халық арасында «Қалыңдық үйі» аталып кеткен тарихи нысанға жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жаңа кейіптегі бірегей тарихи нысан жасыл түске боялған.
Республикалық маңызы бар қала құрылысы мен сәулет ескерткіші ретінде бұл нысанға бұдан бұрын да жөндеу жұмыстары жүргізілген. Өйткені аталмыш ғимарат жаңа мыңжылдықтың басында сыр берді. Бұл жұмысқа мамандар жұмылып, қымбат және күрделі жөндеу жүргізілсе де Қалыңдық үйінің қабырғаларында жарықтар пайда болды. Мұнда 2013 жылдан 2016 жылға дейін мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазқайтажаңарту» мемлекеттік кәсіпорнының Батыс Қазақстан филиалы жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Бірақ атқарылған жұмыста кемшіліктер анықталған. Жалпы архитектуралық келбеті бар «Қалыңдық үйінің» тарихы әріден бастау алады.
Ғимарат ерекше үлгіде салынған, модерн стилінде тұрғызылған. Көне ғимараттың қабырғалары биік, емен есіктері мен үлкен терезелері сақталған. Иран плиткалары орнында тұр. «Қалыңдық үйі» туралы ел арасында аңыз көп. Бізге жеткен мәлімет бойынша жергілікті көпес Халит Янгуразов Мәскеуде бір бойжеткенге ғашық болады. Ол сұлуға сезімін білдіріп, үйленбек ниетін жеткізеді.
Байдың шолжаң өскен ерке қызы Петропавлда әкесінікіндей үй салса ғана саудагерге күйеуге шығатынын айтады. Янгуразов қыздың талабын орындау үшін Италиядан арнайы сәулетші алдырып, әсем ғимаратты салғызады. Аңыздардың бірінде Халиттің үйлену тойынан үш күн бұрын қайтыс болғандығы айтылса, енді бірінде оқиға сәтті аяқталып, ерлі-зайыптылар ұзақ және бақытты өмір сүрген екен. Тағы бір нұсқасында саудагер үйді салу үшін бар жиған-тергенін жұмсап, қалған ғұмырын кедейлікте өткізгендігі айтылады. Ғимараттың қасбеті мен интерьері сәндік сылақпен безендірілген. Кеңес заманында көпестің үйі Петропавл әкімшілігіне берілді.
Бұған дейін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында соңғы жиырма жылда төртінші рет жөндеу көріп отырған тарихи нысанда дренаж жүйесін жаңарту, шатыр құрылымын ішінара ауыстыру, сыртқы периметрі бойынша қабырғаларды гидрооқшаулау, қасбетін қалпына келтіру, шығаберіс пен кіреберіс есік блогын негізгі қасбетке көшіру, ішкі бөлмелерді ішінара жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылған болатын. Сонымен қатар су құбыры, кәріз жүйесі, қасбеттердегі сәндік гипс қалыптарын қалпына келтіру, сыртқы терезе блоктарын ауыстыру, өрт дабылы мен бейнебақылау жүйесіне қосу жоспарлануда. Жалпы ғылыми-қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінген.
Иса ҚҰРМАН
«ҚАЛЫҢДЫҚ ҮЙІН» ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДЕ
255
алдыңғы жаңалық