БАСПАНАҒА МҰҚТАЖДАР АЗАЯР ЕМЕС

Авторы: Qyzyljar News

         Соңғы жылдары Қызылжар жаңа кейіпке енуде. Заманауи ғимараттар, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Құлпырған қалаға көңіл де шат. Әсіресе, жаңбырдан кейін саңырауқұлақтай қаптаған көпқабатты тұрғын үйлер қалаға ерекше сән беруде. Өкінішке қарай бүгінде тұрғын үй құрылысы қарқынды болғанымен, баспанаға мұқтаждар саны азаймай тұр.
Өткен жылы Петропавл қаласында 191438 шаршы метр тұрғын үй, яғни 1754 пәтер берілді. Ал үстіміздегі жылдың қаңтар-кыркүйек айларында қызылжарлықтар 88808 шаршы метр баспанаға қол жеткізді. Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша биыл көпбалалы отбасы, жетім балалар, жалғызбасты аналар сияқты әлеуметтік жағынан осал топтан 617 адам баспаналы болған.
Жалпы шаһарда 15 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Әсем Айтулованың айтуынша, бүгінде Петропавлда 32 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 12-і бюджеттік, қалғаны – жекеменшік баспана. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілгенімен, баспанаға мұқтаждықтың бір себебі – урбанизация. Соңғы онжылдықта ауылдан қалаға жаппай көшіп жатқан тұрғындар есебінен шағын және ірі қалаларда халық саны артты. Бұл құбылыс 220 мыңдай тұрғыны бар Петропавл қаласына да тән.

– Мен бюджеттік салада жұмыс істеймін. Тұрғын үй кезегінде 2018 жылдан бері тұрмын. Жұбайымның еңбекақысы аз. Оның үстіне кәмелетке толмаған үш балам бар. Қазіргі таңда отбасыммен пәтер жалдаймыз. Шынын айтқанда кезек өте баяу жылжуда. Кезекте 5400-ші орындамын. Жыл сайын жаңадан бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлерді көргенде көңілде бір үміт сәулесі жылт етеді. Сол кешендердің қайсысынан маған пәтер бұйырар екен деп ойлаймын. «Үмітсіз шайтан» демекші күндердің күнінде өзімнің баспанама қол жеткізетініме сенімдімін, – деді қала тұрғыны Ажар Тілеулина.

Жалпы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тегін баспана кімдерге беріледі? Елімізде мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру тәртібі арнайы заң бойынша бекітілген. Бірінші кезекте Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері, І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, толық емес, көпбалалы отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, заңда белгіленген тәртіппен баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар мен тағы басқалары мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанамен қамтылуы тиіс. Бұған дейін 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың жұмыскерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санатындағы тұлғаларға «Отбасы банкі» бойынша жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру қарастырылатын еді. Алайда ҚР Үкіметінің 2022 жылғы қаулысымен бұл бағдарлама күшін жойды. Оның орнына Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгенін айтып өту қажет.

– Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы бойынша мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрған адамдар «Отбасы банкі» арқылы 5 пайыздық жылдық сыйақы мөлшерімен баспанаға қол жеткізе алады. Ал бірінші және екінші топтағы немесе мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған адамдар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар үшін жылдық сыйақы мөлшері 2 пайызды құрайды. Бұл санаттағы тұрғындардың өтініштері бойынша төменгі қабаттардан баспана алуларына басымдық беріледі. Аталмыш бағдарламаның арқасында Петропавл қаласында Н.Назарбаев 231, Уәлиханов 1/3 мекенжайларында көпқабатты үйлер тапсырылды. Қазір Горький көшесіндегі үйді кезекте тұрғандарға үлестіру бойынша конкурстар өтуде. Яғни, олардың төлем қабілетті расталуда, – деді «Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының маманы Жанбота Шаймерденова.

Баспанаға шын мұқтаждар қол жеткізсе құба-құп. Өткен жылдың соңында «Береке» шағын ауданында әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға Сенная көшесінің бойынан бірнеше үй қолданысқа берілді. Жасыратыны жоқ, сол үйлердегі кейбір пәтерлер біраз уақыт бос тұрды. Әлі де кейбір пәтерлердің бос тұрғанын аңғару қиын емес. Сонда баспана кімдерге үлестіріліп жатыр деген ой келеді. Баспанаға шын мұқтаж адам қолына кілт тиісімен бірден көшіп бармай ма? Бәлкім біз білмейтін басқа себебі бар шығар. Дегенмен тұрғын үй кезегінде «бармақ басты, көз қысты» жағдайлар орын алмаса жөн болар еді. Баспана жайын жазғанда кері жылжитын кезек мәселесін де айтпай кету мүмкін емес. Кейде тұрғындар тарапынан кезек алға емес, кері кеткенін естиміз.

– 2018-2019 жылдары тұрғын үй кезегі электронды үлгіге көшірілді. Сол тұста бағдарлама істен шығып, базада бірқатар қателіктер орын алды. Кейбір адамдардың кезегі кері жылжыды. Олар сотқа жүгіну арқылы кезек ретін қалпына келтіріп алды. Ал кезексіз ешкім алға жылжымайды, – деп сендірді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz