Облыс орталығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған алғашқы мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» «Орман» шағынауданында орналасқан. Бұл мектепте «Бірлік», «Орман», «Юбилейный» және «Солнечный» шағынаудандарының балалары білім алады. Білім ошағының ашылуына өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, мектепті аралап көрді.
Мектеп екі блоктан тұрады. Біріншісінде бастауыш сынып оқушылары, екіншісінде орта буын мен жоғары сынып оқушылары оқиды. Олардың ғимаратқа кіру есігі бөлек. Бастауыш сыныптарының өз дене шынықтыру залы, лингвистика кабинеті, музыка, робототехника, информатика кабинеттері бар. Асханаға да бөлек есіктен кіреді.
-Мектепте 50 кабинет болса, соның 30-ы – пәндік, үш шеберхана, екі спорт залы бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де жағдай жасалған, арнайы жолдар, жеделсаты, акт залында көтергіш қарастырылған. Мектеп 600 балаға шақталған. Қазіргі уақытта 315 оқушы оқып жатыр. Соның 103-і №16 мектептен ауысып келді. 100-ден астам оқушы «Бірлік» шағын ауданынан келіп оқиды», — дейді мектептің директоры Гүлжан Жақанова.
Мектептің құрылысына 5 млрд. 600 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалған.
-Мен ұлттық жоба аясында салынған білім ордасының құрылысын үнемі назарда ұстадым. Мұнда балалардың тиісті білім алуына, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Барлық сыныптар соңғы үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталды. Өз жұмысын сапалы орындаған мердігер ұйымға алғысымды білдіремін», — деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жалпы өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 мектеп салу жоспарланған. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, оның екеуі биыл, қалғаны келесі жылы пайдалануға берілмек.