Ел болашағы білімді жастардың қолында. Бәсекеге қабілетті, ұшқыр ойлы, білім-білік дағдысы қалыптасқан жалынды жастар қоғамның берік тірегі. Жарқын болашаққа ұмтылған өр рухты ұл-қыздарымыз Отанды сүйіп, тарихпен мақтанып, ана тіл мен мәдениетке құрметпен қараса ғанибет қой. Сондай мақтан тұтатын жастың бірі – Юлия Семёнычева.
Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылында дүниеге келіп, сол жерде қазақ мектебін тамамдаған Юлия бүгінде өзі білім алған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде жұмыс істейді. Аталмыш университетті 2023 жылы тамамдаған. Қазақ филологиясы кафедрасында білім алды. Қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін Юлияның мемлекеттік тілге құрметі ерекше.
– Әкем Ресейдің тумасы. Кішкентай кезінде Қазақстанға қоныс аударған. Анам екеуі шаңырақ көтеріп, осы жерде тұрақтап қалды. Бүгінде ата-анам Ысқақ Ыбыраев ауылында тұрады. Бес бала тәрбиелеп өсіруде. Мен үйдің тұңғышымын. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылда Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектепте оқыдым. Өзімнен кейінгі бауырларым да сол мектепте қазақ тілінде білім алуда. Мен үшін қазақ тілі – мемлекеттік тіл ғана емес, бала күнімнен бойыма сіңген екінші ана тілі болып саналады. Қазақ тілінде ойлап, қазақ тілінде сөйлеп, жаза алатыныма қуанамын, – деді ол.
Төрт жасында мектеп табалдырығын аттаған баланың зеректігі ұстаздарын да таңқалдырса керек. Жігерлі жас қазақ тілін үйретуге көп күш жұмсаған ауылдағы ұстазы Бақыт Шәниеваны еске алып, оған деген ризашылығы шексіз екенін айтты. Бастауыш сыныпта білім мен тәрбие берген Бақыт Кәкіжанқызының арқасында оның тіл үйренуге құлшынысы артып, қазақ тілін еркін меңгерген.
Жүзі басқа болғанымен тілегі бір өзге ұлт өкілдерінің ана тілімізге құрметі мен жанашырлығын көргенде кеудеңде қуаныш оты маздайды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілінің көсегесін көгертуге үлес қосып жүрген Юлия қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларымен жете таныс. Абайдың өлеңдерін нақышына келтіре айтқанда алдына жан салмайды. Бойжеткеннің өмірге көзқарасы, пайым-парасаты да өзгеше. Өрелі жастың еңбекқорлығын аңғарған университет ұжымы оқу бітірген соң аталмыш жоғары оқу орнында жұмыс ұсынған. Студенттік жылдары университетте волонтер болған арудың жұмысқа құлшынысы зор. Сондықтан кез келген шараға белсене қатысып, азаматтық ұстанымын білдіреді. Қазір ол студенттермен жұмыс департаментінің студенттік жатақханалар менеджері болып еңбек етеді. Тілі, ділі қазаққа бергісіз Юлия өзінің табандылығымен, еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен, жауапкершілігімен ұжымға сыйлы. Жас болса да өзіне артылған жұмысқа жауапкершілікпен қарап, сенімді ақтауға тырысуда. Алайда, жас маман болашағын педагогика саласымен байланыстырғысы келеді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі ретінде мектепте балаларға сабақ беріп, ұстаз болуды армандайды. Бос уақытын ойын-күлкімен өткізгісі жоқ. Жұмыстан қолы қалт етсе, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінен қосымша сабақ береді. Сондықтан ол өзіне берілген мүмкіндікті пайдаланып, бұдан да биік белестерді бағындыруды алдына мақсат еткен.
Арманы асқақ, мақсаты айқын бойжеткеннің отбасында алған тәрбиесі мықты. Әкесі Олег те қазақшаға судай. Қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрлерін де жетік білетін Юлияның отбасы ұлттық құндылықтарға ерекше құрметпен қарайтынын атап өтсек артық емес. Ауыл тұрғындарымен тонның ішкі бауындай араласып-құраласқан Семёнычевтер әулетінің қазақилығынан өзгелер үлгі алатындай. Осындай ортада тәрбиеленген Юлияның бойынан қазақилықтың иісі аңқып тұр.
– Мен өз ұлтыма қарағанда қазақ халқының салт-дәстүрін жақсы білемін. Ал үйде бір-бірімізбен қазақша, орысша сөйлесеміз. Бірақ қазақ тілінде пікір айту әлдеқайда жеңіл сияқты. Жалпы, тіл үйрену кез келген адамға қиындық тудырмайды. Бастысы адамда ниет болу қажет. Өзге ұлттың тілін, салт-дәстүрін үйренуде ортаның да өз әсері бар деп ойлаймын. Әкемнің басқа ауылға көшіп баруға мүмкіндігі болса да біздің болашағымызды ойлап, қазақ тілінде білім алуымызға жағдай жасады. Мен үшін қазақша сөйлеу мақтаныш емес. Өйткені осы елде тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді біркісідей білуі тиіс. Қазақ тіліне қажеттілік қалыптастыру адамға байланысты. Қоғамда қазақ тілін білуге талап болмаса, тіл үйренуге де құлшыныс болмайды. Сондықтан Қазақстанда тұратын кез келген адамға мемлекеттік тілді үйренуге талап қою керек, – деп Юлия Семёнычева өз ойын сабақтады.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ
Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ