Петропавл қаласында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубы ашылды.
Бұл клубтың мақсаты – аутизм мен Даун синдромына шалдыққан балаларға спорт арқылы қолдау көрсету және олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне ықпал ету. Мұнда ерекше балалар спорттың қол күрес, қоян-қолтық ұрыс және армрестлинг сияқты түрлерімен айналысады. Жоба «Қазақстан халқына» қорының қаржылай қолдауымен ашылды.
Клубта қазір 20-ға жуық бала аптасына үш күн жаттығады. Жаттықтырушылар Николай мен Наталья өз қызметтерін тегін көрсетіп, балалармен үлкен жауапкершілікпен айналысады. Олардың айтуынша әр бала клубқа қуанышпен келеді, жаттығу барысында бар күш-жігерін салып, өте белсенділік танытады.
– Бұл балалардың күш-қуаты, өмірге құлшыныстары зор. Залға келгенде олар ерекше қуанады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың спортқа қызығушылығы ерекше, – дейді «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубының жаттықтырушысы Наталья Третьякова-Яковенко.
«Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубы ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетіп, олардың дамуына, өзін-өзі көрсетуіне мүмкіндік беретін бірегей орынға айналды. Клубтың арқасында бұл балалар тек спортпен ғана шұғылданып қоймай, өздеріне деген сенімдерін нығайтып, қоғамда өз орындарын табуға да мүмкіндік алуда.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ