9-16 қараша аралығында Түркияның Анкара қаласында асық спортынан Әлем кубогі өткен болатын. Бүгін ел құрамасы сапында өнер көрсетіп, жеңіске жеткен солтүстікқазақстандық бесасықшы Камила Сексембайды теміржол сапаржайынан құшақ жая қарсы алдық.
– Сайысқа Түркия, Франция, Испания, Саха, Қырғызстан, Чехия елдерінен командалар қатысты. Түркия мен Қырғызстан спортшылары лайықты қарсылас бола білді. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Алайда Қазақстанда өтетін жарыстарда жеңіске жету қиынырақ деп айтар едім. Себебі еліміздегі асық ойынын жоғары деңгейде бағалаймын, — дейді Камила Сексембай.
Аталмыш сайысқа Республикалық команда бір ай көлемінде дайындалған. Команда құрамасында үш қыз еліміздің атын қорғап шықты. Командалық және жекелей сыңда барлығы бірінші орын иеленді.
– Бес асықпен мен мектеп кезінен айналысып келемін. Дайындық негізгі мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Серік Бекжанов алғашқы жаттықтырушым. Ол кісіге мен мың алғыс білдіремін. Қазіргі таңда Ағжан Сұрағановтың қарамағында жаттығамын. Жалпы отбасыммен ұлттық спорттарға жақынбыз. Әкем күреспен айналысқан, інім тоғызқұмалақтан жарыстарға қатысып жүр. Жыл сайын ұлттық спорт түрлерінің деңгейі мен мемлекет тарапынан қолдау өсіп келеді, — дейді жеңімпаз Камила Сексембай.
Спортшы 2016 жылдан бастап ҚР бірнеше дүркін чемпионы, жүлдегері атанып ҚР құрама командасына енді. Ол 1997 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Дайындық ауылында туған. Бүгінде Камила Шал ақын ауданы, Жалтыр ауылында тұрып жатыр. Жергілікті мектепте бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқаруда.
Әлем кубогіне Камила жолдасы және 1 жасар баласымен бірге аттанған. Жаттықтырушысы Ағжан Сұрағановтың айтуынша алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Чемпионатына дайындықты бастамақ. Ол 20-24 қараша аралығында Көкшетау қаласында өтеді.
– Мен 2014 жылдан бастап асық спортында жастарды жаттықтырып келемін. Әр жаттықтырушы үшін оқушысының жеңіске жеткені қуаныш, жігер сыйлайды. Қанша уақыттан бері жасап жатқан еңбегіңнің нәтижесін көру ең үлкен бақыт. Қыркүйек айында тағы бір шәкіртім Сәния Әскер бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының асық спортынан чемпион атанған болатын. Енді Түркияда Камила Сексембай Әлем кубогінде ең биік шыңға шықты. Әлемдік деңгейдегі жарысқа қатысу үшін Қазақстандық құрама команданың ішінде іріктеуден өтудің өзі оңай емес, 40 шақты спортшы бар. Соның ішінен 3 қыз іріктеліп алынды. Оның біреуі Солтүстік Қазақстан облысынан. Жалпы Қазақ халқының ұлттық ойынын дәріптеп, осындай жоғары деңгейде Әлем кубогін ұйымдастырғаны қуантады, — дейді жаттықтырушы Ағжан Сұрағанов.
Рабиға ЕРАЛЫ