Биылғы он ай ішінде өңірден 21 304 адам көшіп кеткен. Көшіп келгендердің саны қоныс аударғандардың орнын толтырмайды. Салдарынан өңір халқы тағы шамамен 5,5 мың адамға азайды. Мұндай үрдіс еліміздің басқа өңірлерінде де байқалып отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, көші-қон айырымында үлкен облыстардың көшін Түркістан бастап тұр. Бұл өңірден биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 112 143 адам көшіп кеткен. Келгендер саны – 91 мыңға жуық. Айырмашылық – 21 мыңнан асады. Екінші орында – Жамбыл облысы. Бұл өңірден осы аралықта 55 500-ге жуық адам көшіп кетсе, 43 мың адам қоныс аударған. Облыс халқы 12 500 адамға азайған. Жетісу мен Қызылорда облыстарында да биылғы он айда өңір халқы шамамен 7,5 мың адамға азайып отыр.
Алматы, Маңғыстау облыстарында және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ғана халықтың көші-қонында оң өсім бар. Мәселен, Алматы облысынан қаңтар-қыркүйекте шамамен 103 500 адам кетсе, керісінше 106 500-ге жуық адам көшіп келген. Маңғыстауда көшіп келушілер арқылы халық саны 1 571 адамға өскен. Жалпы республика бойынша тұрғындар саны қоныс аударушылар есебінен 10 182 тұрғынға көбейді. Соның ішінде ТМД елдерінен 16 мыңнан астам адам келіп, 8 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Басқа елдерден 4 мыңнан астам қоныс аударса, 2 300-дей адам шетелге көшкен екен.