Төтенше жағдайлар министрлігі маңызды мәлімдеме жасады. Ведомство Қазақстанның барлық қаласында 2024 жылғы 21 қарашада дабыл белгісі қосылатынын ескертті.
2024 жылғы 21-22 қараша күндері аралығында елімізде «Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға дайындау» тақырыбында «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі.
Оқу-жаттығудың республикалық штабы Көкшетау қаласында орналасқан. Оқу-жаттығуға жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар, республикалық және облыстық қызметтер мен азаматтық қорғау құралымдары, Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелері тартылады.
Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша облыстық азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайлар салдарын жоюға дайындығы бағаланатын болады.
Практикалық іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өткізілетін болады.
Республикалық оқу-жаттығу шеңберінде азаматтық қорғау құлақтандыру жүйесін тексеру жүргізу жоспарланған.
-21 қараша сағат 11:00-де электрдабылдары мен дабылды-сөйлеу құрылғылары іске қосылады, сондай ақ теледидар және радиоарналардың эфирі жұмыс істейді,- деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл іс-шара халықтың «Баршаның назарына!» бірыңғай құлақтандыру сигналына ден қою тәртібін дағдыландыру мақсатында өткізілетін болады.