КӘСІПКЕРЛЕР МЕН МОНОПОЛИСТ АРСЫНДА ШЕШІЛМЕГЕН МӘСЕЛЕЛЕРІ КӨП

Авторы: Qyzyljar News

             Облыстық прокуратурада қадағалаушы  орган мен кәсіпкерлер палатасының серіктестігі аясында кездесу өтті.  Шараға қатысқан бизнес қауымдастық өкілдері монополистерге қатысты өткір мәселелерді  ортаға салды.

Жиынды ашқан облыс прокурорының бірінші орынбасары Абу-Али Саттар бизнесті қорғау  ведомство жұмысының  басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

-Жыл басынан бері облыстық прокуратура басшылығы кәсіпкерлермен 14 кездесу өткізіп, 80 өтінішті қарады. Біздің ықпалымызбен 300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кездесулердің бәрінде көтерілетін ең өзекті мәселе монополистерге қатысты. Сондықтан да бұл жолғы жиынға «Севказэнергосбыт» акционерлік қоғамы өкілдерін арнайы  шақырып отырмыз,-деді Абу-Али Саттар.

Бизнес өкілдері мен энергетиктердің арасындағы түсініспеушіліктің  жылдан-жылға шиеленісіп келе жатқанын облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Жеңіс Қазиев те айтты. Оның сөзінше, «Севказэнергосбыт» серіктестігі 1200 кәсіпкерге жылу төлемдерін жалпы саммасы 95 млн. теңгеге арттырып өрескел заңбұзушылыққа барған. Бұл жайт кәсіпкерлердің құқығын қорғау және жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте қаралып, антимонополиялық департамент монополисттің ісінің заңсыздығы мен қайта есептеу жүргізу керектігі туралы сотқа арыз түсірген. Аталған талап сот шешімімен толық орындалып,  төлем қайта есептелген екен.

 -Ауылдағы бизнестің мүддесін қорғауда да жүйелі мәселе бар. Ол сумен жабдықтауға қатысты. Заңнамаға сай кәсіпкерлер су үшін бөлек санат бойынша төлем жасайды. Алайда аудандарда тұтынушылардың үш тобының орнына, тек екі топ: халық пен бюджеттік ұйымдар үшін ғана төлемдер қарастырылған. Палатаның облыстық прокуратураға жүгінуінен кейін оң нәтиже шығып, бизнес өкілдері арнайы топ ретінде бөлек қарастырыла бастады. Бүгінге дейін 7 ауданда кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтіріліп, төлемдер қайта есептелді. Қалған аудандардағы жұмыс жалғасып жатыр, — деді Жеңіс Қазиев.

Кездесуде талқыланған тағы бір тақырып — кәсіпкерлік нысандарын табиғи манополиялар субьектілерінің желісіне қосудағы қиындықтар. Мұндағы келісімшарттардың типтік шартқа сай еместігі, заңдағы ережелерді әртүрлі түсіндіру, тұтынушылардан артық төлем алу түсінбеушіліктер тудырып келеді. Онымен қоса өңірде ыстық су тұтынудың бекітілген нормалары да жоқ. Соның салдарынан «Севказэнергосбыт» серіктестігі тариф есептеудің ескі  әдістерін қолданып келеді.

Тиімсіз тарифтен зардап шеккен кәсіпкердердің бірі — Елена Игнатенко. Оның кеңсесі көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінші қабатында орналасқан. Алайда жылу есептеу құрылғысының жоқтығынан әдеттегіден едәуір көп ақша төлеуге мәжбүр. Ауданы бірдей болса да жылу төлемдері көршілес пәтердегіден бірнеше есе қымбат болып шығады. Онымен қоса келісімшарт жасасарда монополист әлдебір техникалық талаптар мен актілерді қажет етеді екен.

            -Менде қосымша құрылыстар салынбаған. Жылуға қосатын ешқандай қосымша құрылғылар мен бөлмелер жоқ. Сонда бізден қандай техникалық талаптарды сұрап отыр? Біздің инженерлік желіміз ортақ. Сондықтан меншік туралы акт, сағаттық жүктеме туралы құжаттарды сұрауы артық. Энергетиктерге осыны дәлелдеу үшін мен негізсіз төлемдерді өтеуден бас тартып, сотқа жүгіндім. Онымен қоса Табиғи монополияларды реттеу комитетінен жағдайды түсіндіріп берулерін сұрадым. Ондағылар менікіндей нысандар үшін сағаттық жүктеменің шектік деңгейі туралы заңда айтылмағанын жеткізді, — дейді Елена Игнатенко.

Адвокат сотта өз мүддесін қорғап келеді. Жақын күндері оң шешім шығарынан үмітті. Ал жеке кәсіпкер Александр Казанцев болса кездесуге соттың шешімімен келіпті.

Көпқабатты тұрғын үйдегі нысанның иесі тұрмыстық тұтынушы саналады. Өйткені ол кондоминимумның қатысушысы ретінде ортақ желілерді үлестік негізде пайдалана алады» делінген қыркүйек айындағы соттың шешімінде. Демек арыз түсірушінің жылу, электр энергиясын нысанды жылыту, жарықтандыру сияқты тұрмыстық мақсатта пайдаланып отырғаны анықталған. Комуналдық қызметті кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, оның үстінен пайда көру  ниеті болмаған.

            -Тарифтерді жасау бойынша ережеде бірінші және үшінші топқа жатпайтын заңды тұлғалар екінші топқа жататыны көрсетілген. Ал заңды тұлға ретінде жұмыс істемейтін адвокат, нотариус, медиатор, жеке сот орындаушылары тұтынушылардың екінші тобына кірмейді. Сондықтан олар тұрмыстық тұтынушылар санатына жатқызылады. Соған сай тариф те аталған санат бойынша есептелуі керек,-дейді кәсіпкер.

Кездесуде аталған түйткілді шешу бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Оның біріншісі — заңды тұлға ашпай жұмыс істейтін кәсіпкерлерді тарифтің бірінші тобына енгізу. Екіншіден, мұндай нысандарға негізсіз талаптар қоймай, біркелкі келісімшарт жасасу туралы сөз болды. Сонымен қатар энергетиктерге төлем құжатын бірыңғайландырып, есептеу құрылғыларындағы көрсеткіштерді көрсете отырып жасау ұсынылды. Есептеу құрылғыларындағы ақпаратты алу күнін белгілеу, жылу таратудың нақты алгоритмін құру, ыстық су тұтынудың нормасын бекіту, жылу мен ыстық суды есептеудің  кестесін жариялау сынды ұсыныстар да жеткізілді.

Облыс прокурорының орынбасары мамандарға сонғы бес жылда монополистермен арада туындаған қарама-қайшылықтар туралы сот актілерін талдауды тапсырды. Аталған талдау нәтижесі бойынша нақты шешім қабылданбақ. Ал Жеңіс Қазиев «Севказэнерго» басшысы қатысатын энергетикалық мәселелер бойынша кеңес беру орталығының жұмысын жандандыруды ұсынды. Компанияның бас директоры аталған ұсынысты қолдайтынын айтты.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz