Аян БЕЙСЕМБАЕВ: “НҰРҚОЖА АЛТЫН АЛАТЫНЫНА СЕНІМДІ БОЛДЫ”

Авторы: Qyzyljar News

                    Жуырда Албания астанасы Тиранада өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Нұрқожа Қайпанов алтын жүлде еншілеп, ел мәртебесін асырған болатын. Чемпионды бала кезінен баптап, күрестің қыр-сырына үйреткен – Аян Бейсембаев. Қазақстан Республикасының құрметті жаттықтырушысымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

– Аян Серікұлы, білікті бап­кер болу үшін мықты спорт­шы болу міндетті ме? Өзіңіз спортпен қай жастан айна­лыс­тыңыз?

– Мен – Аққайың ауданы, Үлгі ауылының тумасымын. Об­лыстық олимпиадалық резерв­тің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне 9 сынып­та келіп түстім. Кейін Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогика­лық колледжінде оқып, М.Қозы­баев атындағы СҚУ-да білімімді шыңдадым. Оқуды тамамдаған соң өзім түлеп ұшқан спорт мек­тебіне жаттықтырушы болып жұмысқа орналастым. Қазіргі таң­да спорт интернатта еркін кү­рес бағытында 35 бала жаттығады.

Сонымен қатар Жоғары спорт шеберлігі мектебінде де жұ­мыс істеймін. Ол жерде 8 шә­кіртім бар. Осы күнге дейін көп­теген дарынды балуандарды тәрбиелеп шығардым. Жастар мен жасөспірімдер арасында ел чемпиондарын, Азия бірінші­лі­гінің жүлдегерлерін даярладым. Мысалы 2016 жылы Филиппин­нің Манила қаласында жастар арасында өткен Азия чемпио­натында шәкіртім Еркебұлан Бо­ранғалиев еркін күрестен 50 ки­лограмм салмақта жеңімпаз атан­ды. Жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдеге­рі Шәріп Самрат бар. Мектебі­міз­дің түлегі Ислам Евлоев та 82 келіде грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпио­ны атанды. Дегенмен, шәкіртте­рімнің арасында ең биік шыңды бағындырған – Нұрқожа Қай­панов.

– Еркін күрестен ел тари­хында тұңғыш алтынды жер­ле­сіміз Ризабек Айтмұқан ал­ға­ны белгілі. Бұл жетістікті Нұрқожа Қайпанов қайтала­ды. Шәкіртіңіз әлем чемпио­ны атанған сәтте қандай се­зімде болдыңыз?

– Нұрқожа облыстық олим­пиадалық резервтің мамандан­дырылған мектеп-интернат-колледжіне 7 сыныпта келді. Со­дан бері 15 жыл жаттықтырып келемін. Баланың күреске деген қабілетін бірден байқауға бола­ды. Нұрқожаны алғаш көргенде көзіндегі жалынды, бойындағы қайсарлықты аңғардым. Ол да өзін жақсы жағынан көрсете білді. Әрине жас болған соң тен­тектігі де болып тұратын. Нұр­қожа өте еңбекқор. Боз кі­лемде шеберліктен бөлек, жігер де керек, әрі жүйкенің мықты бо­луы маңызды.

Нұрқожаның ең алғашқы жүлдесі – облыс чемпионы атан­ғаны. Одан кейін Түркістан қаласында өткен біріншілікте ел чемпионы атанды. Содан бері қатысқан барлық жарыстарын­да биіктен көрініп жүр. Тек 2023 жылы Алматы қаласында өткен ел чемпионатында жеңіліп қал­ды. Бұл үлкен сабақ болған сияқты, себебі содан кейін ұты­лып көрмеді. Керісінше жігерленіп, қателіктерімен жұмыс істе­ді. Азия чемпионаттарының 70 және 74 келі салмақтағы екі дүр­кін чемпионы атанды. Негізгі мақсаты – Олимпиада чемпио­ны атану. Әзірге әлем чемпионы деген атақ та жаман емес. Соң­ғы жарысқа біз үш ай көлемінде дайын­далдық. Ол физикалық әрі моральдық-психологиялық тұрғыдан дайын болып аттан­ды, әрі алтын алатынына өзі се­німді болды. Жастайынан көз алдымда өскендіктен оның жү­ріс-тұрысынан, көзқарасынан-ақ сенімділікті байқадым.

Әлем чемпионатында фи­налға дейінгі белдесулерінде – 1/16 финалда Митчелл Луис Файн­сильверді 9:0 есебімен жеңсе, 1/8 сынында Николай Грах­мезді 14:2 ұпайымен тізе бүк­тірді, 1/4 финалда Акаки Ке­мертелидзені 12:2 есебімен қапы қалдырса, финалға жол­да­ма берілетін жартылай сында Абдулмажид Кудиевтен 13:2 нәтижесімен айласын асырды. Финалда жапондық Есиносукэ Аоягимен белдесіп, 5:3 есебі­мен жеңіске жетті. Жапондық ба­луан UWW рейтингінде 4-ші орын­да тұрса, Нұрқожа 21-ші сатыда еді, алайда бұл айыр­машылық балуанның жеңіске же­туіне кедергі келтірмеді. Шә­кір­­тім­нің бағы мен бабы қатар шауып, жеңіс тұғырының ең биік шы­ңына шыққандағы сезімімді сөз­бен айтып жеткізу мүмкін емес. Әрине, қатты қуандым. Шә­­кіртінің жеткен жетістігі – жат­тықтырушы үшін үлкен абырой. Нұрқожаның болашағы зор. Алда талай жеңістеріне куәгер боласыздар деп сеніммен айта аламын!

– Нұрқожа бірнеше жыл бұ­рын үйленгенін, зайыбы да күреспен айналысатынын ес­тідік. Осы рас па?

– Иә, олар – отбасымен кү­рес спортына берілген жандар. Інісі Құрманбек Қайпанов та – спорт мектебінің шәкірті, халық­ара­лық дәрежедегі спорт шебе­рі. Жары Марина Седнева да – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының күміс, Азия чемпионатының қола жүл­дегері. Үш жаста ұлы бар. Ба­луан­дар отбасынан шық­қан бала да болашақта спорт­шы бо­латын шығар деп ойлай­мын.

– Елімізде, соның ішінде солтүстікте еркін күрестің даму қарқыны қалай?

– Әлем, ел чем­пионын баптап шығару оңай жұмыс емес, уақыт керек, қолдау қа­жет. Облысымызда күреске де­ген көзқарас жақсы. Өңірімізде ғана емес, ел көлемінде спорт­шыларға қолдау көрсетеді. Бо­лашақ балуандар күреске бала кезінде келетінін есепке алсақ, белгілі бір дәрежеге жету үшін 10-15 жылдай уақыты кетеді. Жан-жақты тәжірибе жинап, шыңдалады. Арасында чемпион атағына жеткендер де, жетпегендер де болады. Сон­дықтан спортшыларды ынта­ландырып, сый-сыяпат көрсетіп тұрған дұрыс деп есептеймін.

Бүгінде қаншама спорт са­райлары салынып жатыр. Са­лалық министрдің қабылдауында болған кезде Солтүстік Қа­зақстан облысында күрес түр­ле­ріне арналған зал салуды жос­парлап отырғаны жайлы айтылды. Барлық жағдай жасалып, жүл­де еншілеп жатқан спорт­шы­ларымыз мадақталып, жат­тықтырушылар құрметтеліп жат­са, неге алтын жүлдеге ұмтыл­масқа?!

– Бапкер ретінде алға қой­ған мақсатыңыз қандай? Жеке спорт клубыңызды ашу­ды ойладыңыз ба?

– Әр спортшының басты мақ­саты – Олимпиада. Балуандарды тәрбиелеп, Олимпиада чем­пионы дәрежесіне жеткізу – үл­кен бақыт. Ал жеке клуб мә­селесіне келетін болсақ, әрине ойда бар. Бірақ уақыт тапшы, қаржы қажет. Мәселен, Амери­када әр бапкердің өз залы бо­лады. Олимпиада, әлем чемпиондарының өз үйлерінде жаттығу залдары бар. Әрқайсысы жеке дайындалады. Сол себеп­ті жеке зал ашып, өз шәкірт­те­рімді тәрбиелегім келеді. Бар­лығы – болашақтың еншісінде.

– Жас спортшыларға айтар ақылыңыз бар ма?

– Жастарға айтарым, ең ал­дымен, алға мақсат қою керек. Кейін өте көп еңбектену қажет және мақсатына жететініне се­німді болғаны жөн. Осы қағидаларды ұстанған спортшы деге­ніне жетеді.

Сұхбаттасқан Рабиға ЕРАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz