Өңірдің 41 жастағы тұрғыны алимент бойынша 2,7 млн. теңгеден астам берешегі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ашық сот отырысына алимент төлеуден жалтарып жүргендер шақырылды.
Облыстық соттың мәліметінше, қылмыстық іс кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған. Сотталушы П.-ға Қылмыстық кодекстің 139-шы бабы «ата-ананың кәмелетке толмаған баласын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы» бойынша айып тағылды.
П. өзінің алименттік міндеттемелері туралы білгенімен, төлем жасауға мүмкіндігі болғанымен, берешегінен құтылуға асықпаған. Сот бұйрығын орындау үшін ешқандай шара қолданбаған.
Прокурор сотталушыны кінәлі деп тануды және бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот П.-ні кінәлі деп танып, оны бір жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Ер адам жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ